Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қазақстандықтардың қажетсіз анализ бен медициналық тексеруге шамадан тыс әуес болып кеткенін айтты. Оның пікірінше, елде жасалатын зертханалық талдаулардың шамамен 80%-ының клиникалық маңызы жоқ және бұл сала біртіндеп бизнеске айналып барады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«ҚАЖЕТСІЗ ТЕКСЕРУ КӨБЕЙГЕН»
Оның айтуынша, халық арасында компьютерлік томография жасату, түрлі анализ тапсыру және тар бейінді мамандарға жиі қаралу үрдісі күшейген. Алайда мұндай тексерулердің басым бөлігі шын мәнінде қажет бола бермейді.
«Компьютерлік томография жасату, түрлі талдаулар тапсыру, тар бейінді мамандарға қаралу керек деген ұмтылыс бар. Бірақ көп жағдайда мұның бәрі қажет емес», – деді Біртанов “Голос народа” арнасына берген сұхбатында.
Экс-министр әсіресе қажетсіз анализдердің көбейгеніне назар аударды. Оның пікірінше, Қазақстанда жасалатын зертханалық талдаулардың едәуір бөлігінің клиникалық маңызы жоқ.
«Бүгінде жасалып жатқан анализдердің шамамен 80%-ының адамның денсаулығына тікелей қатысы жоқ. Бұл көбіне бизнеске айналып кеткен. Адамдар өздеріне өздері қажетсіз тексерулер тағайындап, зертханаларға барып анализ тапсырып жатады. Бірақ көп жағдайда мұның клиникалық тұрғыдан ешқандай мағынасы болмайды», – деді ол.
ЖЕЛІ ҚОЛДАНУШЫЛАРЫ НЕ ДЕЙДІ?
Біртановтың бұл пікірі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Бірі оның сөзін қолдап, дәрігер кеңесінсіз анализ тапсыру сәнге айналғанын айтса, енді бірі аурудың алдын алу үшін тексеріліп тұрған дұрыс деп есептейді. Ал үшінші тарап министр болған кезде неге бұл жүйені өзгертпеді деп кінәлап отыр.
«Еститін құлақ болмады. Ол кезде мұндай ақпаратты түсінетін халықтың сауаты болмады. Біртановты орыс тілді аудитория жақсы қолдады. Ал қазақ тілді аудитория той-томалақ, әнші-әртістерден басқаны тыңдамады. Дер кезінде тыңдалмаған сөз жетім»,– деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Ал Мақсат есімді оқырманның айтуынша, бұл рас. Осыдан 13 жыл бұрын баласы ауырып, Тараздағы үш дәрігерге қаралыпты.
«Үшеуі де «тек операция, басқа жол жоқ» деді. Содан кейін Ташкентке бардық. Ол жақтың дәрігерлері: «Басым ауырды десең, басыңды алып тастаймыз дей ме?» деп күлді. «Ешқандай операция қажет емес, дәрімен-ақ емдеуге болады» деп дәрі жазып берді. Мұндай дәріні бізде ешкім жазбаған еді. Алланың қалауымен баламыз жазылып кетті. Бізде көбіне айтатыны – тек операция сияқты»,– деп жазды Мақсат.
БІРТАНОВТЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ
Еске сала кетейік, экс-министр 2020 жылы маусымда денсаулық сақтау министрі қызметінен кетті. Одан кейін қаржы жымқыру айыптарымен қылмыстық іс қозғалып, 2022 жылы сот шешімімен бостандығы шектелген болатын. Соңғы жылдары Біртанов денсаулық сақтау саласындағы өзгерістерге ашық әрі белсенді пікір білдіріп жүр. Жақында Ulysmedia.kz МӘМС жүйесінің қалыптасуына тікелей қатысы бар бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановпен сөйлесіп, медициналық сақтандыру жүйесі қай тұста істен шыққанын, нақты не дұрыс болмағанын және енді қандай қадам қажет екенін анықтауға тырысты. МӘМС қорының Қаржы министрлігі құзырына берілуі шынымен жағдайды өзгерте ала ма деп сұрадық. Елжан Біртанов бұл шешімді дұрыс деп санайды.
– Қазіргі жағдайға қарасақ, Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселелерді шеше алмады. Менің ойымша, егер міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің және қордың жұмыс істеу қағидаты түбегейлі қайта қаралмаса, бір ведомстводан екіншісіне беру айтарлықтай нәтиже әкелмейді. Себебі заңға сәйкес қордың функциялары нақты белгіленген, ал бір министрліктен екіншісіне ауысу шын мәнінде тек директорлар кеңесінің құрамын өзгертеді,– деді Елжан Біртанов.
Пандемия кезіндегі жұмысы, кейін өзіне қатысты қозғалған іс және денсаулық сақтау саласындағы реформалар туралы пікірлері де қоғамда қызу талқыланды. Кейбір дәрігерлер мен қоғам белсенділері оны кәсіби менеджер ретінде қолдап, ашық пікір айтатын маман деп бағаласа, енді бірі оның министр ретіндегі жұмысына сын айтқан.
Соған қарамастан Біртанов медицина саласындағы жүйелік проблемалар, дәрігерлерге түсетін қысым, цифрландыру, артық диагностика мен халықтың медициналық сауаты туралы көзқарасын ашық білдіріп келеді. Оның соңғы мәлімдемелері де әлеуметтік желілерде кең талқыланып жатыр.