Француз журналисі Флориан Тардиф Франция президенті Эммануэль Макрон мен оның жұбайы Брижит Макронға қатысты былтыр Вьетнамға сапары кезінде болған даулы оқиғаның себебі жөнінде жаңа дерек айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖУРНАЛИСТІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
RTL радиосына берген сұхбатында журналист бұл жанжалға Макронның иран текті Франция актрисасы Голшифте Фараханимен байланысы себеп болуы мүмкін екенін айтқан.
Тардифтің сөзінше, Брижит Макрон президенттің телефонынан актрисадан келген хабарламаны байқап қалған. Оның айтуынша, Макрон бірнеше ай бойы Фараханиамен «платоникалық қатынас» ұстап, жеке хат алмасып жүрген.
Журналистің болжауынша, осы жағдай ерлі-зайыптылар арасындағы шиеленіске түрткі болып, ұшақ бортында болған және кейін БАҚ пен әлеуметтік желілерде кең талқыланған оқиғаға алып келген.
БІРІНШІ ХАНЫМ НЕ ДЕЙДІ?
Алайда француздың Le Parisien газеті Брижит Макронға жақын ортаға сілтеме жасап, бұл мәліметтерді жоққа шығарды. Олардың айтуынша, бірінші ханым күйеуінің телефонын ешқашан тексермейді.
Еске салайық, Эммануэль мен Брижит Макронның қарым-қатынасы былтыр Вьетнамға сапары кезінде БАҚ назарын аударған. Президенттің ұшақтан шығу сәтін түсірген журналистер лайнер есігі ашылған мезетте Брижит Макронның президентті бетінен ұрып жіберген сәтін түсіріп қалған. Оқиға кезінде Макрон теңселіп, бірнеше секунд бойы абдырап қалғаны айтылған.
Бастапқыда Елисей сарайы бұл видеожазбаның шынайылығын жоққа шығарған. Кейін Макронның айналасындағы дереккөздер мұны отбасылық ұрыс ретінде сипаттаған. Ал президенттің өзі бұл жағдайды «екеуміз жай ғана қалжыңдастық» деп түсіндірген.