×
$
447.14
€
499.54
₽
5.46
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
447.14
€
499.54
₽
5.46

Қытай тыңшысымен көңіл қосқан: Nvidia басшысы әйелінің көзіне шөп салғанын мойындады

Бүгін, 09:25
Қытай тыңшысымен көңіл қосқан: Nvidia басшысы әйелінің көзіне шөп салғанын мойындады
Bloomberg

Nvidia компаниясының негізін қалаушы әрі басшысы Дженсен Хуанг әйеліне опасыздық жасағанын мойындады. Оның көңіл қосқан әйелі Қытай барлау қызметімен байланысы бар деген күдікке ілінген. Осы жағдайдан кейін Nvidia басшылыққа қатысты ақпараттың сыртқа тараған-тарамағанын және бұл жайт АҚШ ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндірген-төндірмегенін анықтау үшін тәуелсіз тергеу бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

63 жастағы Дженсен Хуанг пен кәсіпкер Элис Хуангтың қарым-қатынасы туралы The New York Times басылымы жазғаннан кейін бұл оқиғаға қатысты дау өршіді. Элис Хуанг бұған дейін Nvidia чиптерін сатып алатын Сингапурдағы Megaspeed компаниясында басшылық қызмет атқарған.

Америкалық БАҚ-тың мәліметінше, АҚШ арнайы қызметтері оны Қытай барлау қызметімен байланысы бар деп күдіктенеді. Болжам бойынша, ол технологиялық алпауыт туралы ақпарат жинап, АҚШ-та шығарылатын озық чиптерді Қытайға жеткізу мәселесіне қатысты шешімдерге ықпал етуге тырысқан.

8 қарашада Дженсен Хуанг Nvidia қызметкерлеріне хат жолдап, әйеліне опасыздық жасағанын ашық мойындады. Сондай-ақ ол отбасы мүшелерінен кешірім сұрады.

– Мен әйеліме опасыздық жасадым. Бұл әрекетім оның да, балаларымыздың да жанына батты. Мұны ешқалай ақтауға келмейді. Қатты өкінемін. Өмір бойы отбасым маған сүйіспеншілігі мен қолдауын аяған емес. Олар менен адалдық күтуге толық құқылы еді. Алайда мен олардың сенімін ақтамадым, бірге құрған дүниемізге сызат түсірдім. Өз әрекетім мен жақындарыма келтірген зардабым үшін толық жауап беремін, – деп жазды Хуанг.

Financial Times және өзге де америкалық басылымдардың жазуынша, Элис Хуанг Nvidia басшысымен жақындасу үшін Қытай арнайы қызметтерінің тапсырмасын орындаған болуы мүмкін.

АҚШ билігі Megaspeed компаниясының қызметін де тексерген. Компания экспорттауға шектеу қойылған заманауи чиптерді Қытайға жеткізуге көмектесті деген күдікке ілінген. Ал Қытай тарапы тыңшылық туралы айыптауларды жоққа шығарды.

Nvidia компания құпияларының сыртқа тараған-тарамағанын тексереді

Nvidia директорлар кеңесі тәуелсіз тергеу басталғанын хабарлады. Тексеруді сыртқы заңгерлерді тарта отырып, тәуелсіз директорлар комитеті жүргізеді. Олар компания басшысына қатысты ықтимал барлау операциясы туралы ақпаратты зерделейді.

– Директорлар кеңесінде АҚШ ұлттық қауіпсіздігіне немесе Nvidia құпия ақпаратына қауіп төнді деген негіз жоқ. Соған қарамастан тергеу барысында қолжетімді барлық ақпарат тексеріледі, – делінген компания мәлімдемесінде.

Дженсен Хуанг тергеуге толық көмектесуге уәде беріп, қызметкерлердің сенімін қайта қалпына келтіру үшін күш салатынын айтты. Компания басшылығы да оны қолдайтынын жеткізді.

Nvidia бұл жанжал компанияның жұмысына әсер етпейтінін және Дженсен Хуанг бас директор қызметін жалғастыратынын мәлімдеді.

Жанжал АҚШ Конгресінің де назарына ілікті

Бұл оқиға америкалық заң шығарушылардың да алаңдаушылығын туғызды. Республикалық партия өкілдері Дженсен Хуангты 18 қарашада Конгреске шақырып, жабық отырыста түсінік беруін талап етті. Олар болжамды барлау операциясы АҚШ-тың озық технологияларына қауіп төндіруі мүмкін бе деген сұраққа жауап алмақ.

АҚШ-тың алаңдауына негіз бар. Nvidia жасанды интеллектіні дамытуға қажетті озық чиптер шығарады. Вашингтон Қытайдың технологиялық және әскери әлеуетінің артуына жол бермеу мақсатында мұндай чиптердің экспортына шектеу қойған.

Соған қарамастан Дженсен Хуанг Дональд Трамп әкімшілігімен байланысын үзбей, Қытайға чип жеткізуге қатысты кейбір экспорттық шектеулерді жеңілдетуді қолдап келеді.

Контекст

Дженсен Хуанг Nvidia компаниясын 1993 жылы құрған. Осы жылдар ішінде компания әлемдік технология индустриясындағы жетекші ойыншылардың біріне айналды. Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы нәтижесінде Nvidia-ның нарықтық құны бірнеше триллион долларға жетті.

Жақында Дженсен Хуанг Қазақстанға алғаш рет келді. 

Сізге қызық болуы мүмкін