Тұрсынбек Қабатовтың әйелі Мөлдір Мұқанованың жылап сұхбат бергенінен бері жарты жыл өтті. Осы уақыт ішінде ол кино да түсірді, ән де шығарды. Қазір халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп жүр. Алайда соңғы күндері Қабатовтың ескі суреттерді желіге қайта жүктеуі бұл әңгімені тағы да қыздыра түсті. Ulysmedia.kz PR маманы Ақсұлу Санғалидан пікір алып, бұл оқиғаның астарына үңіліп көрді.
ЕЖЕЛГІ ТӘСІЛ
Былтыр қарашада Мөлдір Мұқанова алғаш рет ашық сұхбат беріп, Тұрсынбек Қабатовпен ажырасқанын мәлімдеген еді. Бұл жаңалық қоғамда үлкен резонанс тудырып, әлеуметтік желіде ұзақ уақыт талқыланды. Алайда араға көп уақыт салмай-ақ Мөлдірдің «Шәй в большом городе» фильмі жарыққа шықты. Осыдан кейін жұрт арасында «жеке өмірге қатысты мәлімдеме кездейсоқ па, әлде алдын ала ойластырылған PR ма?» деген сұрақтар көбейді.
Жалпы, Тұрсынбек Қабатовтың екінші әйелі бары туралы әңгіме ел ішінде бұрыннан айтылып жүргенімен, бұл тақырыптың дәл қазір қайта көтерілуі көпшілікті ойландырғаны өтірік емес. Неліктен Мөлдір Мұқанова бұл мәселені халық алдына шығарды? Мұның астарында қандай мақсат жатуы мүмкін?
Осы сұрақтарға жауап іздеу үшін біз PR маманы Ақсұлу Санғалидың пікіріне жүгіндік.
– Қабатовтың жағдайында байқап отырғанымыз халықаралық PR индустриясында «Attention Loop» (назар ілмегі) және «Narrative Control» (баяндауды басқару) деп аталатын классикалық батыс құралы,– дейді маман.
Оның айтуынша, әлемдік тәжірибеде PR тұлға не жобаға қызығушылықты жасанды түрде қалыптастырмайды. Олар қоғамда сұраныс бар тақырыпты шеберлікпен пайдаланады. Жеке бас, отбасындағы оқиғаларды күшті ықпал құралына айналдырады. Әсіресе, фильм немесе жобаның шығуы қарсаңында белсенді ететін бұл тәсіл Голливудтың ежелден қолданып келе жатқан механизмі. Өйткені романтикалық жаңалықтар кез келген дәстүрлі жарнамаға қарағанда әлдеқайда көп медианың назарын аударады.
– Фильмі шығар алдындағы ажырасуды көпшілікке паш ету осындай механика болуы мүмкін. Халық жеке өмірді талқылау, сондай-ақ трафик пен қызығушылық кәсіби өнімге бағытталады. Мөлдірге қатысты нәрсе ол «Personal Brand Refresh», яғни жеке брендті жеке өмір арқылы жаңарту элементі. Шетелдік тәжірибеде PR командалары жұлдыздың имиджін толыққанды бренд ретінде құрады. Онда атақты адамның қалай сөйлейтінін, қалай көрінетінін, онлайнда аудиториямен қалай байланысатынын басқарады. Әдетте бұл бірыңғай жоспардың бөлігі, – дейді Ақсұлу Санғали.

(PR маман Ақсұлу Санғали)
«АУДИТОРИЯҒА БЕРІЛГЕН СИГНАЛ»
Соңғы уақытта қоғам назарынан түспей жүрген әзілкеш Тұрсынбек Қабатов тағы да әлеуметтік желі қолданушыларының қызу талқысына себеп болды. Бұл жолы көпшіліктің назарын аудартқан жайт – оның Instagram парақшасына бұрынғы жары Мөлдір Мұқановамен бірге түскен ескі фотосуреттерді қайта жариялауы. Желі қолданушылары мұны түрліше қабылдап, отбасылық қарым-қатынасқа қатысты болжамдарын айта бастады.
Оқырмандардың айтуынша, осы оқиғадан кейін t_a_d_d_s есімімен танымал Айманның әлеуметтік желідегі парақшасы біраз уақыт көрінбей кеткен. Бұдан бөлек, оның Тұрсынбек Қабатовпен бірге түскен суреттерін өшіріп тастағаны да жұрт назарынан тыс қалмады.
Осы жағдайдан кейін әлеуметтік желіде пікірталас күшейіп, қолданушылар әзілкештің жеке өміріне қатысты әртүрлі пікір білдірді. Әсіресе, көпшілік балалардың жағдайына алаңдайтынын жасырмаған. Біз интригаға толы отбасының бұл әрекетінің себебін де сұрап көрдік.
– Бірінші әйеліне әлеуметтік желі арқылы оралу – аудиторияға берілген сигнал, жаңа эмоционалдық толқын мен талқылауды арттыруға есептелген. Мұны тек жеке PR немесе брендинг деп атаймыз. Ел назарын кешенді түрде жүйелі басқару стратегиясы. Мұнда жеке өмір саналы немесе интуитивті түрде медиамазмұн ретінде пайдаланылады. Енді мұның нақты осы жағдайда оның қаншалықты саналы екені белгісіз. Десе де заңдылық бар, тіпті тым айқын, оны кездейсоқтық деп санауға болмайтын сияқты,– дейді Ақсұлу Санғали.
PR ЖОҚТАН БАР ЖАСАМАЙДЫ
Алайда жеке өмірді аудитория назарын ұстап тұратын құралға айналдыру моральдік тұрғыда көп сұрақ тудырады. Себебі мұндай жағдайда шынайы сезім, отбасы мен балалар тағдыры қоғамдық шоу элементіне айналып кетеді.
– Мұндағы негізгі мәселе ақпараттың шындыққа қаншалықты сәйкес келетінінде. Нағыз PR жоқтан бар жасамайды. Ол бар, шынайы дүниеге қоғамның назарын күшейтіп, нақты оқиғаларды ықпал құралына айналдырады. Жақсысын асырады. Яғни, оқиға шынымен болған жағдайда, PR оны стратегиялық тұрғыдан дұрыс басқарып, репутацияға жұмыс істейді. Қоғамдық пікірге әсер ету мақсатында ақпаратты әдейі бұрмалау деген PR емес, ол таза манипуляция. Манипулятивті месседж, яғни пікір қалыптастыру үшін жеке өмір оқиғаларын бұрмалап, жалған ақпарат тарату PR этикасына сай емес, – дейді Ақсұлу Санғали.
Оның айтуынша, нағыз PR дезинформацияға негізделген кез келген коммуникацияны жоққа шығарады. Нақты болған оқиға, жариялау сәтін таңдау, нарративті басқару этика аясына кіретін PR құралдар. Ал оқиғаны ойдан шығару, бұрмалау, жалған ақпарат тарату, манипуляция, сату үшін елді алдау PR емес. Және ұзақ мерзімді перспективада оның репутациясына үлкен нұқсан келу қаупі бар.