×
470.17
547.47
6.42
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
470.17
547.47
6.42

Қазақстандағы елшіліктер ЛГБТ қауымдастығын қолдап мәлімдеме жасады

Қазақстандағы елшіліктер ЛГБТ қауымдастығын қолдап мәлімдеме жасады
Коллаж: Ulysmedia.kz

Қазақстандағы Еуропалық одақ өкілдігінің Instagram-парақшасында ЛГБТКИА+ қауымдастығын қолдауға арналған шетел елшіліктерінің бірлескен мәлімдемесі жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘЛІМДЕМЕДЕ НЕ АЙТЫЛДЫ?

Мәлімдеме 17 мамыр – гомофобия, бифобия және трансфобияға қарсы халықаралық күнге (IDAHoBIT) орай жарияланған.

«Біз ЛГБТКИА+ өкілдеріне өзгермейтін қолдауымызды білдіреміз. Осы күнді қоғамның хабардарлығын арттыруға, диалогты дамытуға және Қазақстан мен әлемдегі теңдік пен кемсітпеу қағидаттарына адалдығымызды растауға мүмкіндік ретінде пайдаланамыз», – делінген үндеуде.

АДАМ ҚҰҚЫҒЫ

Құжат авторлары адам құқықтарын қорғаудың маңызын атап өтті. Олардың пікірінше, әр адам зорлық-зомбылық пен қудалаудан қорықпай, қоғамдық өмірге еркін араласып, өз құқықтарын жүзеге асыра алуы тиіс.

2026 ЖЫЛДЫҢ ТАҚЫРЫБЫ

Мәлімдемеде 2026 жылдың «Демократия жүрегінде» атты тақырыбына ерекше назар аударылған. Авторлар демократиялық жүйе қоғамның барлық мүшесінің мүддесін ескеретін инклюзивті орта болуы қажет екенін айтқан.

Олардың пікірінше, әралуандылық қоғамның тұрақтылығын күшейтіп, инновацияның дамуына және түрлі әлеуметтік топтардың толыққанды өкілдік алуына ықпал етеді.

ТЕҢДІК ПЕН ӘДІЛДІК

«Әлемнің әр өңірінде кемсітушілік, зорлық-зомбылық және адам құқықтарын толық жүзеге асыруға кедергі келтіретін мәселелер әлі де сақталып отыр. ЛГБТКИА+ қауымдастығы өкілдерін қоса алғанда, барлық адамның еркін, қауіпсіз әрі қадір-қасиетін сақтап өмір сүру мүмкіндігін қамтамасыз ету демократия үшін маңызды. Теңдік пен әділдік ашық әрі демократиялық қоғамның негізі болуы тиіс», – делінген мәлімдемеде.

КІМДЕР ҚОЛ ҚОЙДЫ

Үндеуге Австрия, Бельгия, Канада, Дания, Эстония, Финляндия, Франция, Германия, Грекия, Италия, Жапония, Латвия, Литва, Люксембург, Нидерланд, Португалия, Словения, Испания, Швеция, Швейцария, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия елшіліктері, сондай-ақ Қазақстандағы Еуропалық одақ өкілдігі қол қойған.

БҰҒАН ДЕЙІН

Қазақстанда «ЛГБТ насихатына» тыйым салатын заң нормалары қабылданғаннан кейін Еуропалық одақ пен бірқатар Батыс мемлекеті алаңдаушылық білдірген еді.

Заң жобасы талқыланып жатқан кезде ЕО-ның Қазақстандағы елшісі Алешка Симкич бұл мәселені Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асановпен кездесуде көтерген. Кейін бірнеше елдің дипломатиялық миссиясы заңдағы жаңа шектеулерді сынға алған бірлескен мәлімдеме жариялаған болатын.

Дипломаттар заң нормаларындағы тұжырымдардың нақты еместігі халықаралық адам құқықтары жөніндегі міндеттемелердің сақталуына қауіп төндіруі мүмкін екенін мәлімдеді.

КОНТЕКСТ

«ЛГБТ мен педофилияны насихаттауға» қатысты түзетулерге президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 30 желтоқсанда қол қойған. Өзгерістер Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 456-бабына енгізілді.

Алғашқы құқықбұзушылық үшін 20 АЕК көлемінде айыппұл (78 640 теңге), ал қайталанса 40 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамау қарастырылған.

Заң 2 наурыздан бастап күшіне енді. Алайда құқық қорғаушылар мен заңгерлер жаңа нормаларды қолдану тетігіне қатысты сұрақтар әлі де бар екенін айтып келеді.

Сәуір айының соңында Ішкі істер министрлігі Астана, Алматы қалаларында және Абай, Атырау, Жамбыл, Павлодар, Маңғыстау облыстарында дәстүрлі емес сексуалдық бағдардағы адамдарға қатысты 20 қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған еді.

Еске салсақ, бұған дейін Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты «ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салу туралы» заңға қарсы жалғыз адамдық пикет өткізген Яра Тычинаға айыппұл салған болатын.

Сондай-ақ еуропалық дипломаттар ЛГБТ-насихатқа тыйым салуды сынға алған еді.

 

Серіктес жаңалықтары