×
470.17
547.47
6.42
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
470.17
547.47
6.42

Шенеуніктер қауіпті дертке шалдыққан науқастарды дәрісіз қалдырды

Бүгін, 18:36
Шенеуніктер қауіпті дертке шалдыққан науқастарды дәрісіз қалдырды
фото: ашық дереккөзден

Денсаулық сақтау министрлігі жіберген қателіктің кесірінен Бехтерев дертіне шалдыққан науқастар бір жарым жылдан бері өмірлік маңызы бар «Сульфосалазин» препаратын ала алмай отыр. Мәселенің мәнісін денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов түсіндіруге тырысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Мәжіліс комитетінің көшпелі отырысында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін депутат Гүлдара Нұрымова көтерді.

– Презентацияда дәрі-дәрмекпен қамту мәселелері жедел шешіліп жатыр, пациент ұйымдарымен кездесулер өтеді деп жазыпсыздар. Бірақ дәрігерлердің де, науқастардың да үнін естімей отырсыздар. Өйткені аса қажет, базалық препараттардың көбі тапшы. Мысалы, Бехтерев ауруына қажет «Сульфосалазин» бір жарым жылдан бері жоқ. Оның баламасы да жоқ, науқастар емсіз қалды. Бұл препарат Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен өмірлік маңызы бар дәрілер тізіміне енгізілген. Бірақ «СК-Фармациядан» нақты жауап ала алмай отырмыз. Кері байланыс қайда екені түсініксіз, – деді депутат.

Бұған жауап берген вице-министр Тимур Мұратов жағдайдан хабардар екенін айтып, препараттың неге сатып алынбай қалғанын түсіндірді.

– «Сульфосалазин» – бұрыннан қолданылып келе жатқан препарат. Бірақ былтыр енгізілген әдістеме бойынша оның шекті бағасы тым төмен болып шықты. Сондықтан жеткізушілерге бұл тиімсіз болды да, нарықта ұсыныс мүлде азайды, – деді ол.

Осылайша, министрлік шекті бағаны дұрыс есептемегендіктен, ауыр созылмалы дертке шалдыққан адамдар қажетті дәрісіз қалған.

Вице-министрдің айтуынша, енді «Сульфосалазинді» қосымша тендер арқылы сатып алу жоспарланып отыр. Алайда шекті баға көтерілген күннің өзінде жеткізушілер көп болады деген үміт аз. Қазір науқастарға дәрі медициналық ұйымдардағы қалған қорды қайта бөлу арқылы беріліп жатыр.

Депутат Гүлдара Нұрымова министрлік жауабына қанағаттанбады.

«Сульфосалазин» – қабынуға және ревматизмге қарсы қолданылатын препарат. Ол Бехтерев дертіне шалдыққан науқастарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында беріледі. Бұл ауру омыртқа мен буындарды зақымдап, созылмалы ауырсыну мен қабынуға әкеледі. Сонымен қатар препарат гастроэнтерология мен ревматологияда аутоиммундық қабыну ауруларын емдеуге де пайдаланылады, – деді ол.

КОНТЕКСТ

Қазақстанда дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдық сатып алу мәселесі алғаш рет көтеріліп отырған жоқ. Қаңтарда елдің батыс өңірлерінде онкологиялық науқастар өмірлік маңызы бар дәрілерсіз қалған. Ал сәуірде Қарағандыдағы жұқпалы аурулар ауруханасында бір жарым жастағы қыз көз жұмып, бүкіл Қазақстан бойынша қандағы оттегіні ағзадан тыс қанықтыратын небәрі 33 ЭКМО аппараты ғана бар екені анықталған еді.

Серіктес жаңалықтары