×
$
448.94
€
502.05
₽
5.26
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
448.94
€
502.05
₽
5.26

Қазақстандық жүк көлігі жүргізушісі Грузияда 16 жылға сотталды

Бүгін, 11:20
Қазақстандық жүк көлігі жүргізушісі Грузияда 16 жылға сотталды
Ulysmedia коллажы

Щучинск қаласының тұрғыны, Қазақстан азаматы Иван Чекулаев Грузияда 16 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиғаның мән-жайы

Иван Чекулаевтың жұбайы Юлияның айтуынша, ер адам сәуір айында Поти портында кедендік тексеру кезінде ұсталған. Оның көлігінен Грузияда бақылауға алынатын заттар қатарына жататын Tilidin атты ауырсынуды басатын дәрі табылған.

Жұбайының айтуынша, Иванға омыртқасындағы күрделі мәселелер мен арқасының қатты ауыруына байланысты Германияда осы дәрі тағайындалған. Алайда кедендік тексеру кезінде оның жанында дәрігердің рецепті болмаған.

– Біз оны рейстен оралады деп күтіп жүрдік. Оның үйге келгенін қалаймыз. Ол өте сабырлы әрі жауапкершілігі мол адам. Ол ешқандай жамандық жасаған жоқ. Тек дәрінің рецепті жазылған қағаз өзімен бірге болмаған, – деген еді Юлия Чекулаева бұған дейін.

Қылмыстық іс қозғалды

Дәрі табылғаннан кейін Қазақстан азаматына қатысты Грузия Қылмыстық кодексінің 262-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл бап есірткі немесе психотроптық заттарды өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтау не тасымалдағаны үшін жауапкершілікті көздейтінін түсіндірген.

Сотқа дейін ер адамға 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін екені хабарланған. Алайда жұбайының айтуынша, сот оны 16 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Сот шешімі әзірше күшіне енген жоқ. Қорғау тарапының апелляциялық шағым түсіруіне бір ай уақыт бар.

Бұған дейін қазақстандық дипломаттар Иван Чекулаевқа консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатқанын және жағдай бақылауда екенін мәлімдеген.

Ulysmedia редакциясы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне ресми түсінік алу үшін сауал жолдады.