Қазақстанда ойын-сауық пен демалыс қызметтері қымбаттап барады. Бір жыл ішінде бұл саладағы қызмет бағасы 12,5%-ға өскен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ДЕМАЛЫС АЛАҢДАРЫНЫҢ ТАБЫСЫ КӨБЕЙДІ
Finprom.kz сарапшыларының мәліметінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы демалыс және ойын-сауық қызметтерінің көлемі алғаш рет 523,3 млрд теңгеге жетті. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда 36,5%-ға көп. Салыстырсақ, 2024 жылы нарық көлемі 383,5 млрд теңгеге дейін төмендеген еді. Алайда араға бір жыл салып, сала қайта қалпына келіп қана қоймай, тарихи максимумын жаңартты.
Қазақстандықтар ең көп қаржыны ойын-сауыққа және саябақтарға жұмсаған – 34 млрд теңге. Алайда дәл осы сегментте қызмет көлемі шамамен үштен біріне қысқарған. Есесіне, дискотека мен би залдарына сұраныс күрт артқан: бұл бағыттағы қызмет көлемі 2,7 есе өсті. Сондай-ақ тирлер мен белсенді демалыс алаңдарының табысы да екі есеге жуық көбейген.
Негізгі өсім «өзге қызметтер» санатына тиесілі болды. Бұл қатарға жағажайлар, демалыс саябақтары, ойын аймақтары, аниматорлар қызметі, іс-шара жүргізушілері, асабалар, шоу-бағдарламалар мен отшашулар кіреді. Бір жыл ішінде бұл сегменттің көлемі шамамен 46%-ға өсіп, 485 млрд теңгеге жеткен.
ӨҢІРЛЕРДЕГІ ӨСІМ
Сұраныстың артуымен бірге баға да өсе түсті. Демалыс және ойын-сауық қызметтері ең қатты қымбаттауы Алматы облысында байқалды – бірден 38,1%-ға. Абай облысында өсім 21,4% болса, Қарағанды облысында – 18,7%, Павлодар облысында – 18,1%, Батыс Қазақстан облысында – 16,4% болған. Астанада баға 16,1%-ға көтерілген.
Әсіресе, балалар аттракциондары айтарлықтай қымбаттаған – бір жылда шамамен 16%-ға өсті. Мерекелік іс-шара ұйымдастыру қызметтері 9,6%-ға қымбаттаған. Тіпті балаларға арналған музыка сабақтарының өзі бұрынғыдан қымбатқа түсе бастаған.
Соған қарамастан, елдегі ойын-сауық инфрақұрылымы кеңейіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 254 демалыс және ойын-сауық саябағы жұмыс істеген. Ең көп саябақ Шымкентте, Қарағанды және Түркістан облыстарында орналасқан. Ал ел бойынша демалыс нысандарының жалпы саны 4 мыңнан асқан.