×
$
458.85
€
503.5
₽
5.59
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
458.85
€
503.5
₽
5.59

Баласын мойындамаған, зорлық көрсетті деп айыпталған медиаменеджер депутат болуға үмітті

Бүгін, 12:45
Баласын мойындамаған, зорлық көрсетті деп айыпталған медиаменеджер депутат болуға үмітті
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда 29 қарашада мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Астанада депутаттық мандатқа 169 үміткер таласады. Олардың арасында танымал пародист, Elorda Aqparat медиахолдингінің басшысы Олжас Сыдықбек те бар. Бірнеше жыл бұрын оның есімі жеке өміріне қатысты үлкен даудың ортасында қалған еді. Ulysmedia.kz сол оқиғаны еске түсіруді жөн көрді.

Оқиға неден басталды?

2012 жылдың қарашасында «КТК» телеарнасындағы Дина Төлепберген жүргізетін «Астарлы ақиқат» бағдарламасында Олжас Сыдықбектің жеке өміріне қатысты сюжет көрсетілді.

Пародистің Гаухар есімді бұрынғы сүйіктісі сол кезде өнер иесі өзіне қол көтергенін және ортақ баласын мойындаудан бас тартқанын айтқан. Ақырында қыз өз баласының әкесі Олжас Сыдықбек екенін сот арқылы дәлелдеуге мәжбүр болған.

«Шашымнан сүйрейтін»

Гаухардың айтуынша, Олжас Сыдықбекпен Алматыда танысқан. Ол кезде пародист қыздан ағылшын тілінен сабақ алып жүреді. Алғашында жігіт оған ерекше көңіл бөліп, жақсы қарым-қатынас танытқан. Арада біраз уақыт өткенде Гаухар одан жүкті болып қалады.

– Үш айдан кейін келіп: «Аборт жасат, мен саған үйленбеймін. Бұл баланың менен екеніне сенімді емеспін. Саған екі айдан бері жоламадым», – деді, – деп еске алған қыз.

Гаухардың сөзінше, кейін Олжас Сыдықбек райынан қайтып, оған үйленуге ұсыныс жасаған. Сөйтіп, қызды өз үйіне алып келген. Алайда екеуінің бірге тұрғаны бірнеше айдан аспапты. Гаухар пародистің өзінен және оның туыстарынан психологиялық қысым көргенін мәлімдеген.

– Сөйтсем, Олжастың сүйіктісі бар екен. Мен көшіп келгеннен кейін бір ай өтпей жатып, оның тағы бір қызды жүкті етіп қойғанын, енді соған үйленуі керегін айтты. Ештеңе дей алмадым. Күні бойы жылап, орнымнан тұра алмай қалдым. Ол кезде жүктілігімнің төртінші-бесінші айы еді. Төрт ай бойы, кейін тағы екі ай оның анасы мен әпке-қарындастарының сөзін тыңдауға мәжбүр болдым. «Бұл үйге келіп жүруің керек, бәріне шыдауың керек, қызметші болуға тиіссің» дейтін. Ол шашымнан  сүйреп, лақтыратын, – деген еді Гаухар.

«Бұл бала маған керек емес»

«КТК» сюжетінде Гаухар жүкті кезінде Олжас Сыдықбектің үйінен қуылғанын айтқан. Кейін ол туған жері Түркістанда Бағым есімді қыз босанған. Алайда, қыздың сөзінше, ер адам баласын мойындаудан бас тартқан. Әкелікті анықтау мәселесі сотта қаралған.

Гаухардың айтуынша, генетикалық сараптама екеуінің туыстығын растаған. Сот оның талабын қанағаттандырып, Олжас Сыдықбекті қыздың әкесі деп ресми түрде таныған.

– Оған телефон соғып, осыны айттым. Ол «кете бер, маған керек емес» деді. Баланың аты-жөнін қалай жаздыратынымды сұрадым. «Өз әкеңнің атына жаздыр, бұл сенің балаң, маған қатысы жоқ» деп жауап берді, – деді Гаухар.

Редакция сауалын жауапсыз қалдырды

Ulysmedia тілшісі Олжас Сыдықбекке хабарласып, оқиғаға қатысты өз ұстанымын білдіруге және болған жағдайды өзінің көзқарасы тұрғысынан түсіндіруге мүмкіндік берді. Алайда депутаттыққа үміткер редакцияның сауалына жауап бермеді.

Редакция бұл оқиғаны Сыдықбектің қазіргі саяси амбициясына байланысты қоғам назарын аударуға тұрарлық деп санайды. Ол Астана мәслихатының депутаты болуға үміткер. Сайлаушылар өз баласы мен отбасына жауапкершілік алғысы келмеген адамға тұтас мегаполис тұрғындарының мүддесін сеніп тапсыруға бола ма деген сауал қоюға құқылы.

Бұған дейін БАҚ Олжас Сыдықбектің 2015 жылғы маусымда екінші рет үйленгенін жазған. 2016 жылдың сәуірінде оның ұлы дүниеге келген.

Қазір Олжас Сыдықбек құрамына «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттері мен Elordainfo.kz интернет-басылымы кіретін «Elorda Aqparat» ЖШС-ін басқарады. 2025 жылдың қазанында ол Астана қаласының Қоғамдық кеңесінің мүшесі ретінде таныстырылған.

Айта кетейік, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2026 жылғы 29 қарашада өтеді. Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де басталып, 20:00-ге дейін жалғасады. Елдегі 228 мәслихатқа барлығы 3 447 депутат сайланбақ.

Сізге қызық болуы мүмкін