×
471.77
547.25
6.6
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
471.77
547.25
6.6

«Не талдау, не түзету жоқ»: шенеуніктер Салық кодексінің салдарын әлі зерттемеген

Бүгін, 11:08
«Не талдау, не түзету жоқ»: шенеуніктер Салық кодексінің салдарын әлі зерттемеген
фото: ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек  Ұлттық экономика министрлігінің қосымша құн салығын төлеуі тиіс салаларға жеңілдік жасауын сынға алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Уәде қайда?

Базарбектің  айтуынша, министрлік жаңа Салық кодексінің салдарын талдауға уәде бергенімен, жұмыс толық орындалмаған. 

«Жұмыс тобында осы мәселеге қатысты басқаша айтқан болатынсыз. Сіз "6 ай уақыт беріңіздер, 2026 жылдың қаңтарынан бастап Салық кодексі күшіне енеді, мамыр-маусым айларында сіздерге талдау нәтижелерін, түзетулерді ұсынамыз" дедіңіз. Бірақ ешқандай талдау да, түзету де жоқ. Қазір пленарлық отырыста сіз бізге бір жыл қажет деп отырсыз. Біз сіздің жұмыс тобында айтқан сөздеріңізді білеміз ғой. Ол жерде басқа нәрсе, мұнда басқа дүние айтып отырсыз. Мен өз ұстанымымда қаламын. Сіздер Салық кодексі шеңберінде қосылған құн салығын төлеуі тиіс салаларды салықтан босаттыңыздар. Бұл ретте ҚҚС-ты жеңілдік болуы тиіс салалардың мойнына іліп қойдыңыздар», – деді депутат бірінші вице-министр Азамат Әмринге.

Әуе билеттері арзандаған жоқ

Мәжілісмен әуе отынына салынған ҚҚС-тың алынуы еш нәтиже бермегенін айтты. Бұған дейін бұл шара әуе билеттерін арзандатады деп уәде етілген.

«Сіздер әуе билеттері 1 қаңтардан бастап арзандайды деп айттыңыздар. Алайда билеттер арзандаудың орнына керісінше қымбаттады. Әуе компаниялары бұған дейін әуе отыны үшін төлеп келген қаражатты өздерінде қалдырды. Бұл – қомақты сома. Яғни, әуе билеті құнының 60-70 пайызға жуығын құрайды. Ұлттық экономика министрлігі осы заң жобасы аясында Салық кодексіне түзетулер пакетін енгізе ме деген сұрағым бар»,  – деді ол.

Әмрин не дейді?

Бірінші вице-министр Азамат Әмрин әуе отынына ҚҚС-ты алып тастау билет бағасын төмендетуге бағытталғанын растады. Оның айтуынша, бұл ұсыныс салалық органнан түскен.

Сонымен қатар ол 2027 жылдан бастап министрлік салық жеңілдіктерінің тиімділігі туралы есепті жыл сайын Парламентке ұсынып отыратынын айтты.

«Біз берілген жеңілдіктердің тиімділігіне талдау жасап отырамыз. Бұл мәселені бақылауға аламыз, қажет болса, оның күшін жоюға да негіз бола алады», – деді Әмрин.

Әмрин берілген уәде орындалатынын да жеткізді.

«Алты ай әлі өткен жоқ. Бұл мерзім кездейсоқ таңдалған жоқ – жеңілдетілген декларацияның салық кезеңі алты ай, төлем мерзімі 25 тамызда аяқталады. Сол уақыттан кейін толық талдау жасаймыз», – деді ол.

Сондай-ақ, вице-министр Ұлттық экономика министрлігі күзде Парламентке жаңа өзгерістер пакетін енгізетінін айтты.

Контекст 

Айта кетейік, Мәжіліс ҚР Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған. Жоба аясында Салық кодексіне елдің жаңа мемлекеттік басқару моделіне байланысты өзгерістер енгізілмек.

Атап айтқанда:

  • екі палаталы парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай құрылады;
  • сондай-ақ жаңа орган – Қазақстан Халық Кеңесі пайда болады.

Осыған байланысты заңнамалардағы мемлекеттік органдардың атаулары жаңартылып, нормалар Конституциядағы жаңа өзгерістерге сәйкестендірілуде.

Серіктес жаңалықтары