×
$
451.31
€
504.56
₽
5.36
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
451.31
€
504.56
₽
5.36

Жұманғарин салық реформасының артықшылықтарын атады

Бүгін, 16:20
Жұманғарин салық реформасының артықшылықтарын атады
Gov.kz

ҚР премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында Қазақстанның 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында қалай дамығанын баяндады. Оның айтуынша, халықтың нақты табысы өсіп, салық реформасы республикалық бюджеттің кірісін арттыруға ықпал еткен негізгі факторға айналды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Екі таңбалы инфляцияны еңсердік

Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айта келе, Серік Жұманғарин инфляция деңгейінің төмендегенін айтты.

– Қыркүйек қорытындысы бойынша Қазақстандағы жылдық инфляция тамыздағы 9,8%-дан 9,3%-ға дейін баяулады. Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, бағаның өсуін тежеу шараларын жүзеге асыруды жалғастырып жатыр, – деді Ұлттық экономика министрі.

Инфляцияның баяулауына негізінен азық-түлік тауарлары бағасының өсу қарқыны төмендеуі әсер еткен. Қыркүйекте азық-түлік бағасы бір айда 0,1% арзандады.

Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, соның нәтижесінде халықтың нақты табысы 2026 жылдың екінші тоқсанында 0,7% өскен. Ал бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш 0,1% болған.

Салық реформасының нәтижесі қандай?

Премьер-министрдің орынбасары салық реформасының нәтижелеріне де жеке тоқталды. Оның бағалауынша, салық жүйесіндегі өзгерістер бюджет кірісін нығайтудың негізгі факторына айналып, экономикалық қиындықтарға қарамастан, түсім көлемін арттыруға мүмкіндік берген.

2026 жылдың тоғыз айында мемлекеттік бюджетке 19,3 трлн теңге салық түскен. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 3 трлн теңге немесе 18,2% көп.

– Өсімнің негізгі драйвері қосылған құн салығы (ҚҚС) болды. Оның түсімі 37,3%-ға артты. Атап айтқанда, отандық өндіріс тауарлары бойынша түсім 54,1%-ға, импорт бойынша 23,9%-ға өсті, – деді Серік Жұманғарин.

Үкіметтің пікірінше, бұл нәтижелер салық жүйесінің фискалдық тиімділігі артып, мемлекеттік қаржының тұрақтылығы нығайғанын көрсетеді.

Кәсіпкерлер саны үштен бірге өсті

Серік Жұманғариннің айтуынша, кәсіпкерлік саласында да оң динамика сақталып отыр.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды қоса есептегенде, кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 32,5%-ға өсіп, 3,2 миллионға жеткен. Ал жалпыға бірдей белгіленген салық режимінде жұмыс істейтін және ҚҚС төлеуші кәсіпкерлер саны 28%-ға артқан.

Вице-премьер салық жүйесіндегі өзгерістердің тағы бір нәтижесі ретінде азаматтардың көлеңкелі экономикадан шығуын атады.

– Азаматтардың көлеңкелі экономикадан шығуына жағдай жасалды. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режимінде 981 мың адам тіркелді. Олардың 807 мыңы салық есебіне алғаш рет тұрды. 2026 жылдың тоғыз айында 277 мың жаңа кәсіпкерлік субъектісі тіркелді. Оның ішінде 34,7 мыңы – заңды тұлға, 242,3 мыңы – жеке кәсіпкер. Осы кезеңде 19,7 мың заңды тұлға мен 356 мың жеке кәсіпкер есептен шығарылды, – деді ол.

Сонымен қатар вице-премьер жеке кәсіпкерлердің тіркеуден шығуы олардың экономикалық қызметін іс жүзінде тоқтатқанын білдірмейтінін ерекше атап өтті.

– Жабылған 356 мың жеке кәсіпкердің 42,6%-ы 2025 жылы табыс таппаған. Ал 20,8%-ы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режиміне көшіп, қызметін жалғастырды, – деді Серік Жұманғарин.

Вице-премьердің бағалауынша, бұл өзгерістер бизнес құрылымының қайта қалыптасып, кәсіпкерлердің өз қызметіне қолайлы салық режимдеріне көшіп жатқанын көрсетеді.