Алматының тергеу соты Украинадағы соғысқа қарсы шыққан Қазақстандағы орыс православ шіркеуінің бұрынғы діни қызметкері Иаков Воронцовты психиатриялық стационарға мәжбүрлі емдеуге жіберу туралы қаулы шығарды. Воронцов ақпаннан бері Алматыдағы тергеу изоляторында қамауда отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Сот қаулысына сәйкес, 13 мамыр күні тергеуші С.Б Атахан сотқа Иаков Воронцовқа қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын өзгертіп, оны психиатриялық көмек көрсететін мамандандырылған медициналық мекемеге орналастыру туралы өтініш берген.
Алдын ала мәлімет бойынша, Воронцов психиатриялық ұйымға бір айға жіберіледі, бірақ бұл мерзім ұзартылуы мүмкін.
– Психиатриялық көмек көрсететін ұйымға орналастыру түріндегі қауіпсіздік шарасы сотқа дейінгі тергеу толық аяқталғанға дейін сақталады. Кейін оны сотқа дейінгі тергеу органы өтініш жасаған жағдайда тергеу судьясы бір айдан аспайтын мерзімге ұзартады немесе күшін жоя алады», – делінген сот қаулысында.
Воронцовтың адвокаты Ғалым Нұрпейісовтың Азаттық Азия басылымына айтуынша, психиатриялық сараптама өткізу мәселесін тергеу сәуір айында көтерген. Ол кезде қорғау тарапы қарсылық білдіріп, одан бас тартқан.
– Жағдай оның сот шешімімен мәжбүрлі түрде жіберілуіне қарай өзгеріп отыр. Біз бұған мүлде келіспейміз. Кез келген сараптаманың негізі болуы керек. Иаков Воронцов психикалық ауытқу немесе сырқат белгілерін көрсеткен жоқ. Бұл бізді қатты алаңдатады. Біз қорғауымыздағы адамның тағдыры үшін алаңдап отырмыз», – деді Нұрпейісов.
Адвокаттың айтуынша, сараптама тағайындау туралы шешім шыққаннан кейін бірақ білген. Ол сот қаулысына қарсы шағым түсірмек.
КОНТЕКСТ
Воронцов 13 ақпанға қараған түні ұсталған. Алматының әкімшілік соты оны «есірткі заттарын медициналық мақсаттан тыс пайдаланғаны үшін» кінәлі деп танып, 10 тәулікке қамаған.
Кейіннен оған қылмыстық кодекстің 302-бабы «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді тұтыну үшiн притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және осы мақсаттар үшiн үй-жайлар беру» және 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша айып тағылған.
Воронцов бұған дейін ашық саяси мәлімдемелерінен кейін қудалауға ұшыраған. Атап айтқанда, ол Ресейдің Украинаға басып кіруін сынға алып, Қазақстанда тәуелсіз православ шіркеуін құру бастамасын көтерген болатын.
Иаков Воронцовтың өзі тағылған айыппен келіспейді. Ол абақтыдан жазған хатында тағылған айып пен өзінің қамалуын саяси ұстанымымен байланыстырған.
– Менің үйімде ешқашан да, еш уақытта да қандай да бір притон болған емес. Маған рухани жұбаныш пен ізгі сөз іздеп әртүрлі адамдар келетін. Олар әңгімелесу, бірге дұға ету үшін, менің пікірлес, сенімдес жандарым ретінде келетін. Үйімнен табылды делінген ұнтақ маған тиесілі емес. Менің ойымша, ол әдейі тасталған. Мұның бәрі — мені жазалау және абыройымды түсіру мақсатында жасалған әрекет, — деген ол хатында.