2025 жылы ел қазынасына жоспарланған көлемнен жүздеген миллиард теңгеге аз қаржы түскен. Билік бұған мұнай бағасының арзандауы, экспорт көлемінің қысқаруы және геосаяси ахуал себеп болғанын айтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Мәжіліс отырысында Қаржы вице-министрі Даурен Темірбеков мәлімдеді. Оның сөзінше, 2025 жылы бюджетке жоспарланған 21,4 трлн теңгенің орнына небәрі 21,1 трлн теңге түскен.
Салықтан түсетін кіріс жоспары 730 млрд теңгеге орындалмай қалған. Әсіресе ҚҚС пен корпоративтік табыс салығынан түсетін түсім азайған. Дегенмен салықтық емес түсімдер есебінен шығынның бір бөлігі жабылған. Бұл бағытта бюджет керісінше жоспардан шамамен 388 млрд теңгеге артық орындалған.
Қаржы министрлігі бюджетке ең үлкен соққы мұнай бағасының төмендеуінен болғанын жасырмайды.
«Мұнай бағасы 2025 жылға бекітілген бюджеттегі межеден барреліне 6 долларға төмен болды. Сондай-ақ үш елге экспорт көлемі 1,7 миллиард долларға азайды, ал қорғасынның әлемдік бағасы 5,3 пайызға арзандады. Осы факторлардың барлығы және геосаяси ахуал республикалық бюджетке түсетін салық көлемінің қысқаруына әкелді», – деді Даурен Темірбеков.
Еске салайық, апта басында мұнай бағасы қымбаттай түсті. Бұған АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысын тоқтатуға бағытталған әрекеттердің тұйыққа тірелуі әсер етті.
Reuters агенттігінің жазуынша, нарықтағы алаңдаушылықты Біріккен Араб Әмірліктеріндегі атом электр станциясына жасалған шабуыл және АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранға қарсы ықтимал әскери қимылдарды талқылауы мүмкін деген ақпарат күшейтті.
Brent маркалы мұнай фьючерстері 2,03 долларға немесе 1,86 пайызға өсіп, баррелі 111,29 долларға жетті. Сауда барысында баға 112 долларға дейін көтеріліп, 5 мамырдан бергі ең жоғары деңгейге шықты.