Алматыда жұмбақ жағдайда көз жұмған Ерзат Егінбайдың жақындары оның өліміне қатысты істің әділ тергелуін талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жұмысынан аз уақытқа сұранып шығып, ізім-ғайым жоғалған 25 жастағы Ерзат Егінбай төрт күннен кейін су қоймасынан өлі табылды. Жақындары оны бірнеше күн бойы күндіз-түні іздеп, таба алмаған. 72 сағаттан соң қаралы хабар жеткен. Марқұмның денесін Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы маңындағы су қоймасынан балықшылар тапқан.
Жақындарының сөзінше, Ерзат Егінбай 19 мамыр күні әдеттегідей жұмысына кеткен. Алматыда геодезистің көмекшісі болып еңбек еткен жас жігіт түстен кейін басшысынан "дүкенге барып келемін" деп сұранып шыққан. Алайда сол кеткеннен қайта оралмаған. Кешке қарай әріптестері оның жиналысқа келмегенін байқап, әйеліне хабар берген.
Осы сәттен бастап туыстары дабыл қаға бастаған. Түн ортасына қарай Ерзаттың ағасы полицияға арыз түсірген. Марқұмның жақындарының айтуынша, құқық қорғау органдары іздеу жұмыстарына бірден белсенді кіріспеген. Уайымға түскен отбасы бейнебақылау камераларын өздері қарап, Ерзаттың соңғы жүрген бағытын анықтауға тырысқан. Бейнежазбаны көрген олар бұл оқиғаға қатысты күдікті жайттар бар екенін айтып, істің әділ тергелуін талап етуде.
Туыстарының айтуынша, Ерзат Егінбайдың шаңырақ көтергеніне небәрі жарты жыл болған. Ол бір апта бұрын ғана әке атанатынын білген. Болашағына жоспар құрып, сәбиінің дүниеге келуін күткен жас жігіттің жұбайы шындық толық ашылса дейді.
“Кейде ең ауыр нәрсе – үнсіз қалған шындық. Артында аңсаған арманы, үміт күткен жақындары қалды. Менің күйеуім Ерзаттың ісі әділ тергеліп, шындық толық ашылсын! Бейжай қалмаңыздар”, – деп жазды ол желіде.
Ерзаттың Жарасбай есімді досы да оның өлімін жазым өлім дегенге сенбейді.
“Құрылыс орнынан түскі уақытта дүкенге барамын деп сұранып кеткен Егінбай Ерзат Досымның өлімі жазым өлім емес. 19 мамырда сағат 14:02-де Ерзат жұмыс орнынан дүкенге барып келуін өтініп, сұранып шығады. Назар аударыңыз, Ерзат бұған дейін дүкенге сұранып бармаған! Сағат 14:04-те Ерзат метродан шығады. Қолында ұялы телефоны, дауысты қоңыраумен сөйлесіп, біреудің нұсқаулығымен келе жатқанын көреміз. Ол алаңдаулы, жан-жағынан әлдебіреуді іздеп келе жатқандай”, – дейді ол.
Досының сөзінше, Ерзат әрі қарай автобусқа мініп, Ават ауылы бекетінен түскен, Алдында ірі денелі ақ футболка, қара шалбардағы біреу жол бастаған. Сағат 15:11 Ерзат Qazaq oil жанармай бекетінің дәретханасына кіреді.
“Жанармай бекетінен шығып бара жатқан кезде артынан біреу лезде шығып жатқанын көреміз. Сағат 15:14-те Ерзат Qazaq oil - дан шығып жолдың бойында қай жаққа жүрерін білмей тұрады. Сағат 15:15 Ерзат Космос ауылына жүретін аялдамаға барады. Сағат 15:24-те 242-автобусқа отырады. Сағат 15:39-да Космос ауылы, Школьная аялдамасынан түседі. Осы бейнежазба біздің қолымыздағы соңғы із. Одан кейін ерзат қай бағытта жүрді, кіммен кездесті бізге беймәлім”, – дейді оқиғаның егжей-тегжейін баяндаған Жарасбай.

Досының айтуынша, 23 мамырда Космос ауылы, Октоябрьское-3 көлінде, балықшылар судың бетінде қалқып жүрген қоңыр киімді адамды көрген. Балықшылар көлге жауапты адамды шақырып, Ерзаттын денесін судан шығарады.
“Ерзаттың денесін судан шығарғаннан кейін оқиға орнына жедел түрде үлкен ағасы жетеді. Мәйіттің ерзат екенін әрең дегенде ғана тани алды! Ерзаттың үстінде жеңсізінің замогы толық жабылған, мойнындағы түймесі түймеленген. Бейнежазбада жеңсізінің алды толық ашық тұрған. Ерзат ешқашан мойнындағы түймені түймелеген емес! Одан кейін Космос ауылының учаскелік полицейі мен Есік қаласының полиция қызметкерлері келіп, денені тексеріп, Есік қаласының орталық ауруханасының мәйітханасына алып кетті”, – делінген жазбада.
Жарасбай Ерзаттың өлімі жоспарланған, топтасып жасалған қылмыс екеніне сенімді.
“Ерзаттың мойынында қылқыну іздерін ағасы байқаған! 21.05.2026-22.05.2026 жаңбырлы күнді пайдаланып, Ерзаттың денесінен құтылу үшін оны суға тастаған. Ерзат жүзу білген! Ол суға өзі түссе жүзіп шығары анық! Бірақ жаңбырлы күні кім суға түседі? Ерзаттың өлімі бұл жазым өлім емес! Бұл нақты жоспарланған, тәжірибелі, өте таза топтасып жасалған қылмыс!”, – дейді ол.
Полиция марқұмның денесінен зорлық-зомбылық белгілері анықталмағанын алға тартты.
"Алматы қаласындағы су айдындарының бірінен хабар-ошарсыз кеткен ер адамның мәйіті табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, денеден зорлық-зомбылық белгілері анықталған жоқ. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр", – деді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Туыстарының айтуынша, Ерзат Егінбайдың шаңырақ көтергеніне небәрі жарты жыл болған. Ол бір апта бұрын ғана әке атанатынын білген. Болашағына жоспар құрып, сәбиінің дүниеге келуін күткен жас жігіттің қазасы отбасын ғана емес, бұл қаза жайлы құлағдар бол Марқұмның отбасы істің ашық әрі әділ тергелуін сұрап отыр.