26 мамырда ұлттық валютамыз долларға шаққанда бірден 7 теңгеге әлсіреді. 1 доллар 480,2 теңгеге жетті. Бұл соңғы екі айдағы ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Күрт қымбаттаған доллар
26 мамырдағы сауда қорытындысы бойынша Қазақстан қор биржасында (KASE) доллар бағамы 480,2 теңге деңгейінде бекіді. Бір күн ішінде америкалық валюта 7 теңгеге немесе 25 мамырмен салыстырғанда 1,5%-ға қымбаттаған.
Сауда көлемі 461 млн долларды құрады, бұл қалыпты деңгей. Freedom Broker сарапшылары таңертеңнен-ақ доллар 50 күндік жылжымалы орташа көрсеткішті еңсергенін айтқан. Мамандар мұны доллар нығаюының техникалық тұрғыдан маңызды белгісі болуы мүмкін деп бағалайды.
Не әсер етті?
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы доллардың күшеюін тоқсандық салық кезеңінің аяқталуымен және мұнай бағасының тұрақталуымен байланыстырған. Бұған қоса, валютаға сұраныс сыртқы қарыздарды өтеу қажеттілігі мен демалыс маусымының жақындауына байланысты артқан болуы мүмкін.
Бұған дейін Қаржыгерлер қауымдастығы жүргізген сауалнамада сарапшылар доллар бағамы бойынша болжамын айтарлықтай жақсартып, маусым айының басына қатысты болжамды 490 теңгеден 471 теңгеге дейін төмендеткен. Ал бір жылдық перспективада олар доллар 513,4 теңге деңгейінде болады деп болжаған.