×
472.48
550.06
6.59
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
472.48
550.06
6.59

Олжас Сүлейменовтің 90 жас мерейтойына орай халықаралық форум өтті

Бүгін, 18:43
Олжас Сүлейменовтің 90 жас мерейтойына орай халықаралық форум өтті

2026 жылғы 26 мамырда Алматыда көрнекті ақын, қоғам қайраткері, ойшыл әрі халықаралық «Невада–Семей» антиядролық қозғалысының негізін қалаушы Олжас Сүлейменовтің 90 жас мерейтойына арналған «Өз жерінің елшісі» атты VII Халықаралық Еуразия мәдениеттерін жақындастыру форумы өтті.

Форумға Қазақстан, Франция, Ресей, Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қытай, АҚШ және өзге де елдерден мәдениет, ғылым, әдебиет қайраткерлері, халықаралық ұйымдар мен қоғамдық институттардың өкілдері қатысты.

Форум Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығының бастамасымен Болат Өтемұратов Қорының қолдауымен өтті.

Олжас Сүлейменов ондаған жылдар бойы тек әдебиет өкілі ретінде ғана емес, Еуразия кеңістігіндегі гуманитарлық ойдың аса ықпалды тұлғаларының бірі ретінде танылып келеді. Оның түркі өркениетіне арналған еңбектері ғылыми ортадағы көзқарастардың жаңаша қалыптасуына ықпал етсе, өзі құрған «Невада–Семей» қозғалысы азаматтық бастаманың жаһандық үдерістерге әсер ете алатынын дәлелдеген бірегей құбылысқа айналды. Семей ядролық полигонының жабылуы Қазақстанды ХХ ғасырдағы әлемдік антиядролық қозғалыстың символдарының біріне айналдырды.

VII Халықаралық Еуразия мәдениеттерін жақындастыру форумы аясында ЮНЕСКО-ның Бас директоры Халед Әл-Энани Олжас Сүлейменовтің мәдениетаралық үнқатысу мен гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға қосқан айрықша үлесін ерекше атап өтті.

«Олжас Сүлейменовтің өмірі мен шығармашылығы мәдениеттердің тұйықталу арқылы емес, өзге тілдермен, тарихымен және дүниетанымдармен еркін үндесу арқылы кемелденетінін айқын аңғартады. Оның рухани мұрасы арқылы Қазақстан диалогтің бейбітшіліктің басты шарты екенін танытып келеді. Бұл ұстаным бүгінгідей жаһандық алауыздық күшейген кезеңде айрықша өзекті», – делінген ұйымның Өңірлік бюросының директоры Амир Пирич оқып берген Бас директордың үндеуінде.

«Мәдениет адамзатты өзара түсіністікке бастайтын басты тіл болып келді. Бүгінде әлемге саналы өзара тәуелділік философиясы аса қажет. Бұл – халықтар тағдырының өзара сабақтас екенін түсіну. Болашақ тек диалог, құрмет пен ынтымақтастық арқылы қалыптасады. Адамзатты осы ұстанымға тарихтың өзі алып келді», – деді Олжас Сүлейменов.

Форумның арнайы бөлігі Олжас Сүлейменовтің мәдени мұрасына арналды. Болат Өтемұратов Қорының қолдауымен «Аз и Я», «Өз жерінің елшісі», «Ол жас – Он молодой» кітаптары қайта басылып шықты. Сонымен қатар «Өсіріс заңы: көне қазақ тілі және адамзаттың мәдени мұрасы – Олжас Сүлейменовтің жаңа тарихи-лингвистикалық жаңалықтары», «Олжастануға кіріспе» оқу құралы, «Поэмалар кітабы» және қаламгердің өзге де еңбектері жарық көріп, көрме аясында көпшілікке таныстырылды.

«Олжас Сүлейменов шығармашылығы – ұлттық әдебиеттің шекарасын кеңейткен ХХ ғасыр құбылысы. Оның поэзиясынан ұлт рухы, адамзаттық ой, тарихи сана мен өркениеттік көзқарас терең көрініс тапты. Ақынның әрбір шығармасы тарих пен болашаққа жаңаша қарауға жетеледі. Кеңестік саясаттың қылышынан қаны тамып тұрған ХХ ғасырда туған «Аз и Я» еңбегі ұлттық тарихи сананы жаңғыртты. Түркілік өркениетті дүнижүзіне танытты. Еуразия мәдениеттерінің жақындасуын айқындаған шығарма жалпыадамзаттың интеллектуалдық мұрасына айналды. Біз бұл интеллектуалдық әрі мәдени мұраны сақтау мен кеңінен насихаттаудың келешек ұрпақ үшін айрықша маңызға ие деп санаймыз», – деді Болат Өтемұратов Қорының бас директоры Айнұр Кәрібозова.

Серіктес жаңалықтары