×
477.48
555.83
6.65
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
477.48
555.83
6.65

Владимир Путин Қазақстанға неге келе жатқанын айтты

Бүгін, 10:26
Владимир Путин Қазақстанға неге келе жатқанын айтты
Тоқаев пен Путин. Фото: Ашық дереккөздерден

Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапары қарсаңында "Казахстанская правда" газетіне мақала жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Достық пен ынтымақтастық

Ресей президенті Ресей мен Қазақстанды “ортақ тарихпен, мәдениет мен адамдар тағдырымен тығыз астасып жатқан достықтың, көршілес болу және өзара тиімді ынтымақтастық” байланыстырып жатқанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ мұндай одақтастық қатынастар бүкіл еуразиялық кеңістікте бейбітшілікті, тұрақтылықты және әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етудің маңызды факторы екенін жеткізді.

“Қасым-Жомарт Кемелұлымен арамызда шынымен де достық, шынайы қарым-қатынас қалыптасты. Біздің кездесулер бен әңгімелесу әрдайым өзара сенімге негізделе өтеді және нәтижеге бағытталған. Біз барлық салада өзара тиімді ресейлік-қазақстандық байланыстарды арттыруды әрқашан басты орынға қоямыз”, – деп жазады Владимир Путин.

Экономикалық тиімділік

Ол Қазақстан мен Ресей үшін тиімді бірлескен жобаларды тізіп өтті, олардың қатарында Каспий құбыр консорциумы, “Бәйтерек” ғарыш зымыран кешені, автомобиль жасау, ауыр машина жасау, химия өнеркәсібі және басқа да көптеген технологиялық салалардағы 70-тен астам компания бар.

Болашағы зор жобалар

Сондай-ақ Ресей көшбасшысы қазірдің өзінде уағдаласып қойған немесе іске асырылғалы тұрған бірқатар жобаны еске салды. Олардың негізгісі, әрине, Алматы облысы Балқаш көлінің жағалауындағы АЭС салу жобасы, бірақ бұдан басқа да жобалар бар.

“Республиканы тұрақты энергиямен қамтамасыз ету үшін “Газпромның” қатысуымен  ұлттық газ тасымалдау инфрақұрылымын оңтайландыру және кеңейту жоспарлануда. Сонымен қатар ресейлік бизнес қазақстандық серіктестерге баламалы және “таза” энергетика саласындағы бірегей әзірлемелер мен технологияларды ұсынады”, – деп еске салды Владимир Путин.

Сонымен қатар Қазақстан IT саласындағы ресейлік тәжірибелерге қызығушылық танытып отырғанын айтады. Тағы бір перспективалы бағыт – логистика.

“Географиялық орналасуының арқасында елдеріміз орасан зор логистикалық әлеуетке ие. Сондықтан «Солтүстік – Оңтүстік» және «Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәліздерін дамытуға үлкен мән береміз”, – деп атап өтті Владимир Путин.

Оның айтуынша, екі ел арасында гуманитарлық байланыстар мен білім беру, экология және шекара маңындағы ынтымақтастық серіктестігі де нығайып келеді.

Осы орайда Владимир Путин Мәскеудегі шеруге келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ерекше алғысын білдірді.

“Ресей мен Қазақстан халықтарының ортақ тарихы бәріміз үшін қастерлі құндылық болып қала береді. Онда Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс ерекше орын алады. Біздің елдерімізде нацизмге қарсы иық тіресе соғысып, орасан зор құрбандықтарды бастан кешіріп, бүкіл Еуропаға бейбітшілік сыйлаған әкелеріміздің, аталарымыз бен арғы аталарымыздың ерлігі ұлықталады. Президент Тоқаевқа Ұлы Жеңістің 81 жылдығын мерекелеудің салтанатты іс-шараларына қатысу үшін 8-9 мамырда Мәскеуге келгеніне ризашылығымызды білдіреміз”, – деп жазды ол.

Сапардың мақсаты

Қазақстанға сапары туралы айта келе, Владимир Путин жаһандық турбуленттілік жағдайында ЕАЭО және ТМД сияқты өңірлік ынтымақтастық институттарын нығайтудың маңыздылығын еске салды.

“Сөзімді түйіндей келе, Ресей Федерациясы Қазақстан Республикасымен көпжақты одақтастық қатынастарды алдағы уақытта да жан-жақты дамытуға дайын екенін тағы да атап өткім келеді. Алдағы сапар барысындағы келіссөздеріміз ресейлік-қазақстандық серіктестікті одан әрі нығайтуға елеулі серпін беретініне сенімдімін”, – деп түйіндеді Владимир Путин.

Контекст

Ресей көшбасшысының Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Астанаға мемлекеттік сапары 27-29 мамыр аралығында өтеді. Путин Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысады. Қазақстанның төрағалығымен өтетін биылғы жылдың басты тақырыбы – цифрлық бәйге және одақ ішіндегі сауда кедергілерін жою үшін жасанды интеллектіні практикалық енгізу болмақ. Сондай-ақ лидерлер 2030 және 2045 жылдарға дейінгі интеграцияның стратегиялық жоспарларын бекітеді. Мемлекеттік сапар аясында Путин мен Тоқаевтың жабық форматтағы келіссөздері өтеді.

Серіктес жаңалықтары