Алматыда Әл-Фараби көшесінде үш адамның өмірін қиған жол апатына байланысты сот процесі басталды, деп хабарлайды Ulysmedia.
Толығырақ
28 мамырда өткен сот процесінде прокурор айыптау актісін оқыды. Айыптау актісіне сәйкес, 1993 жылы туған Александр Пак жол апаты болған түні жалған мемлекеттік нөмір тағылған Zeekr X көлігін тізгіндеп, Әл-Фараби даңғылы бойымен батыс бағытта келе жатқан.
Тергеу нұсқасына сәйкес, ол мас күйде болған, жол қозғалысы ережелерінің бірден бірнеше тармағын бұзған, қауіпсіз жылдамдықты сақтамаған, қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes-Benz C300 көлігімен соқтығысқан.
Александр Пактың қанынан 1,3 промилле алкоголь анықталған. Сондай-ақ соттың автотехникалық сараптама дерегінше, соқтығыс сәтіне дейін Zeekr X көлігінің жылдамдығы шамамен сағатына 215 шақырым болған.
– Жол апаты салдарынан оқиға орнында Mercedes-Benz C300 көлігінің жүргізушісі, 1996 жылы туған Еламан Елемесов және оның екі жолаушысы – 2003 жылғы Құмар Теңеубаева мен 2005 жылы туған Томирис Қыдырбек қаза тапты, – делінген айыптау актісінде.
Күдікті Александр Пакке қылмыстық кодекстің 345-1 4-бабы бойынша айып тағылған.
Сот залында Александр Пактың өзі жәбірленуші тараптың өкілдерінен кешірім сұрады. Ол өзінің іс-әрекетіне өкінетінін айтты.
Залда отырған жәбірленуші тарап өкілдері көзіне жас алып, кейбірі «Жалғыз қызым еді ғой» деп жатты.
Александр Пактың қорғау тарапы сотқа бірнеше өтінішхат түсірді. Олардың арасында күдіктіні денсаулығына байланысты сотқа онлайн қатыстыру, фото-видеоға түсірмеу сияқты өтініштер бар.
Бұл өтінішхатқа жәбірленуші тарап өкілдері қарсылық білдірді.
Істі Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарап жатыр.
Контекст
21 наурызда Алматыдағы әл-Фараби және Меңдіқұлов көшелерінің қиылысында Zeekr Xавтокөлігі жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, Mercedes-Benz C300 көлігімен соқтығысқан. Жол апатынан үш адам қаза тапқан. Бұл оқиға қоғамда қызу талқыланып, кейіннен қалалық полиция департаментінің бірнеше лауазымды шендісі қызметінен кеткен.
Сол уақытта желіде әл-Фараби көшесінде көлік жарысы болатыны туралы айтылған. Қымбат көліктер мемлекеттік нөмірін ауыстырып, қалада жарыс ұйымдастырады деген ақпарат тараған.