×
485.55
563.38
6.81
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
485.55
563.38
6.81

Ұлттық мұражайдың ауаны баптау жүйесін жаңартуға 272 млн теңге жұмсалды

Бүгін, 15:19
Ұлттық мұражайдың ауаны баптау жүйесін жаңартуға 272 млн теңге жұмсалды
Болат Өтемұратов Қоры

Алматыдағы Ұлттық орталық мұражайы ғимаратында желдету және ауа баптау жүйесін толық жаңғырту жұмыстары аяқталды. Жоба Болат Өтемұратов Қоры қолдауымен жүзеге асқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мұражай қорында сақ дәуірінің алтын бұйымдары, көне қолжазбалар, археологиялық жәдігерлер, тарихи маталар мен музыкалық аспаптарды қоса алғанда 300 мыңнан астам құнды экспонат сақталады. Алайда 1985 жылы пайдалануға берілген ғимараттың инженерлік жүйелері осы уақытқа дейін күрделі жаңғыртудан өтпеген.

40 жыл жаңартылмаған жүйе

Кеңес кезеңінде орнатылған желдету және ауа баптау жүйесі қазіргі музей стандарттарына сәйкес келмей қалған. Әсіресе сирек жәдігерлерді сақтау үшін тұрақты температура мен ылғалдылықты қамтамасыз ету өзекті мәселеге айналған.

Жоба Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен жүзеге асқан. Қор тарапынан бөлінген демеушілік қаржы көлемі – 272,8 млн теңге. Жаңғырту жұмыстары 2025 жылдың қыркүйегінде басталып, 2026 жылғы 20 мамырда аяқталған.

Мұражай директоры Сержан Саров жаңартылған жүйе тарихи жәдігерлерді сақтау сапасын жаңа деңгейге көтеретінін айтты.

«Бұл жобаны біз тек техникалық жаңарту ретінде ғана қарастырмаймыз. Бұл – ұлттық құндылықтарды келешек ұрпаққа аман жеткізу жолындағы маңызды әрі жауапты қадам», – деді ол.

Жаңғырту нәтижесінде мұражай халықаралық талаптарға сай заманауи жүйемен жабдықталған. Қажетті құрал-жабдықтар еуропалық өндірушілерден сатып алынған.

Қор қандай жобаларды қолдап жүр

Қордың бас директоры Айнұр Кәрібозова бұл бастама ұлттық мұраны сақтауға қосылған нақты үлес екенін атап өтті.

Болат Өтемұратов Қоры соңғы 12 жылда Қазақстандағы жүйелі филантропияның жарқын үлгілерінің біріне айналып, қоғам үшін маңызды бастамаларды тұрақты түрде қолдап келеді. Осы уақыт аралығында Қор білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, экология, инклюзия, табиғи апаттардан зардап шеккендерге көмек көрсету, сондай-ақ өңірлерді заманауи әлеуметтік инфрақұрылым арқылы дамыту бағытындағы жобаларға 100 млрд теңгеден астам қаражат бағыттады.

Бұған дейін қор:

Батырхан Шөкенов пен Жәния Әубәкірова мұрасын сақтауға;

Олжас Сүлейменов кітаптарын қайта шығаруға;

Қазақстан: Ұлы даланың қазыналары көрмесіне;

Шәмші 100 бастамасына қолдау көрсеткен.

Айта кетейік, 2025 жылы Мемлекет басшысының жарлығымен мұражайға ресми түрде «ұлттық» мәртебе берілген.

Серіктес жаңалықтары