×
488.96
569.49
6.81
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
488.96
569.49
6.81

"Еден жуушылар мектептегі жөндеу жұмыстарына тартылған": Оқу-ағарту министрлігі пікір білдірді

Бүгін, 14:31
"Еден жуушылар мектептегі жөндеу жұмыстарына тартылған": Оқу-ағарту министрлігі пікір білдірді
Фото: Pixabay

Оқу-ағарту министрлігі Алматы мектептерінің бірінде жөндеу жұмыстарын техникалық қызметкерлер жүргізгені түсірілген видеоға қатысты пікір білдірді,  деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Әлеуметтік желілерде Алматыдағы мектептердің бірінде жөндеу жұмыстарын құрылысшылар емес, техникалық қызметкерлер жүргізіп жатқанын көрсететін видео тарады. Осыған байланысты Ulysmedia.kz тілшісі Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпаровадан түсініктеме сұрады.

Видеода мектептің техникалық қызметкерлері жөндеу жұмыстарын атқарып жатқаны көрінеді. Журналист мұндай тәжірибенің заңдылығына қатысты сұрақ қойғанымен, вице-министр нақты тыйым бар-жоғын ашып айтпады.

– Қазір бұл дұрыс па, бұрыс па деп бірден айта алмаймын. Әр жағдайды жеке қарастыру қажет, – деді Ақпарова.

Оның айтуынша, кез келген қызметкердің, соның ішінде техникалық қызметкерлердің міндеттері жұмысқа қабылданған кезде белгіленеді. Қызметтік нұсқаулықта қызметкердің қандай жұмыстарды және қандай көлемде орындай алатыны нақты көрсетіледі.

– Егер жөндеу жұмыстары мердігер ұйыммен жасалған келісімшарт аясында жүргізілсе, онда оны қызмет көрсетуші компания орындауы тиіс. Ал техникалық қызметкерлерге қатысты олардың лауазымдық міндеттерін қарау қажет, – деп түсіндірді вице-министр.

Мұғалімдерді жөндеу жұмыстарына тартуға болмайды

Ал педагогтерге қатысты заң талаптары әлдеқайда қатаң.

– Мұғалімдерді жөндеу жұмыстарына тартуға, сондай-ақ мектепке қажетті материалдар мен тауарларды өз қаражатына сатып алуды талап етуге заң бойынша тыйым салынады, – деді Ақпарова.

Оның сөзінше, педагогтер тек өздерінің кәсіби міндеттеріне кіретін жұмыстармен ғана айналысуы керек.

– Мұғалімдер тек қызметтік міндеттерінде көзделген жұмысты атқаруы тиіс. Егер бұл талап бұзылса, әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, – деді вице-министр.

Контекст

Бұған дейін желі қолданушысы Жәмиля Бурабаева Алматының мектептері мен балабақшаларында жөндеу жұмыстары еден жуушыларға жүктелгенін дәлелдейтін видео жариялаған еді. Айтуынша,  қарапайым техникалық қызметкерлер мардымсыз жалақысына қарамастан құрылыс жұмыстарын жүргізуге мәжбүр.

– Алматыдағы коррекциялық мектепке келдім. Еден жуушылар мұнда мектепті сырлап, ақтап тазалауға тартылған. Жалақылары 160 мың теңге. Жөндеу жұмысына қосымша ақы төленбейді, - дейді ол видеода.

Серіктес жаңалықтары