Астанада мұнаралы кран құлап, бір адам қаза тапты, тағы екі адам жарақат алды. Зардап шеккендердің бірінің жағдайы ауыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Кран мектеп маңында құлаған
Оқиға 31 тамызда Қорғалжың тасжолы маңында, №100 мектептің жанындағы салынып жатқан нысан аумағында болған.
Екі зардап шеккен адам Ұлттық жедел медицинаны үйлестіру орталығына жеткізілді. Олардың бірінің жағдайы ауыр. Екіншісіне стационарда қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Тағы бір адам оқиға орнында қаза тапқан. Оның денесі полиция қызметкерлеріне тапсырылды.
Құрылыс кранының құлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
– Оқиға салдарынан бір адам оқиға орнында қаза тапты, екі зардап шеккен адам ауруханаға жеткізіліп, оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда, – деп хабарлады Астана полиция департаменті.
Кранның құлау себебі әзірше белгісіз.
Астанада кранға қатысты алғашқы төтенше жағдай емес
Осыдан бірнеше күн бұрын, 27 тамызда Қазыбек би көшесіндегі Alaman тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында да кран құлаған. Сол кезде 36 жастағы кран машинисі қаза тапты. Қайғылы оқиғаның себептерін арнайы комиссия анықтай бастаған.
Астанада тағы бір адам өлімімен аяқталған жағдай 2025 жылғы шілдеде «Абырой» тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында болған. Ол кезде аударылған кранның кабинасында отырған кран машинисі қаза тапқан.