×
493.15
574.17
6.77
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
493.15
574.17
6.77

Президенттің сыны, Перуашевтың мұңы: Қазақстан «штрафстан» ба?

Бүгін, 12:19
Президенттің сыны, Перуашевтың мұңы: Қазақстан «штрафстан» ба?
ulysmedia.kz коллажы

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «штрафстан» терминіне қатысты сынын сабақ ретінде қабылдайтынын айтты. Депутат «штрафстан» сөзін парламентте айту қателік болғанын тағы да мойындады, деп хабарлайды Ulysmedia.

“САБАҚ АЛҒАН” ПЕРУАШЕВ

3 маусымда Азат Перуашев «Азаттық» радиосының «Президенттің сөзі саяси мансабыма қалай әсер етті деп ойлайсыз?» деген сұрағына:

– Мен былтырғы жылы да осындай сөз шыққан кезде өзім бұл сөздің дұрыс емес екенін мойындадым. Расында да парламентте біз дөрекі сөйлемей, мәдениетті сөйлеуге міндеттіміз. Оны бір жыл бұрын да айттым. Ал президент кеше мені ғана емес, басқа да адамдарды сынға алды. Енді бұл – жұмыс, бұл – тіршілік. Президенттің сыни сөзін қабылдап, оны сабақ ретінде қабылдап, әрі қарай жұмыс істеу керек, – деді депутат.

Азат Перуашевтың пікірінше, Қазақстан “штрафстан” емес, өркениетті ел. 

ПРЕЗИДЕНТТІҢ СЫНЫ ПРЕУАШЕВҚА ҒАНА БАҒЫТТАЛҒАН БА?

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев президенттің «штрафстан» сөзіне қатысты айтқан сыны Перуашевтың өзіне немесе тұтастай «Ақжол» партиясына бағытталған болуы мүмкін дейді.  Оның сөзінше, алда жасақталатын жаңа парламентке кімдердің өтетіні нақты белгісіз уақытта президент тарапынан айтылған әрбір сын маңызды белгі ретінде қабылданады.

– Парламентте кімнің қалатыны, кімнің кететіні нақты белгісіз болып тұрған саяси тұрғыдан шиеленісті кезеңде президенттің кез келген сөзі немесе ескертпесі маңызды белгі ретінде қабылданады. Төртінші шақырылымдағы депутаттық мерзімін аяқтап келе жатқан Перуашевқа жолданған саяси белгі болуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Мүкін бұл белгі тұтастай партияға бағытталған шығар?, – дейді саясаттанушы.

“ШТРАФСТАН” ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ДАУ

2 маусым күні  Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Қазақстанды «Штрафстан» немесе «Айыппұлстан» деп атауды сынға алды. Ол мұндай пікірлерді елдегі заңдылық пен қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған шараларды жоққа шығару әрекеті ретінде бағалады.

Депутат Азат Перуашев «Штрафстан» терминін алғаш рет өткен жылдың желтоқсан айында әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнамаға енгізілетін өзгерістерді талқылау кезінде қолданған болатын. Президент  «шоу-бизнес өкілдері және өздерін қоғам белсендісі санайтын жастар және кейбір депутаттар Қазақстанның халықаралық беделіне нұқсан келтіріп жүргенін» айтқаннан кейін, Перуашев өз сөзінің орынсыз болғанын мойындап, «сәтсіз термин қолдандым» деп мәлімдеген.

Соңғы жылдары елде айыппұлдардың көбеюіне байланысты «Штрафстан» атауы әлеуметтік желілерде және қоғамдық пікірталастарда кең тараған бейресми тіркестердің біріне айналды.

Серіктес жаңалықтары