Қазақстанда заң бұзған жасөспірімдердің тек әрбір бесіншісі ғана бас бостандығынан айырылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz finprom.kz-ке сілтеме жасап.
Толығырақ
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректеріне сәйкес, Қазақстандағы ювеналды әділет жүйесі ересектерге қолданылатын қылмыстық жаза жүйесінен айтарлықтай ерекшеленеді. Кәмелетке толмағандарға қатысты жаза түрлері, мерзімі және тәрбиелік ықпал ету шаралары бөлек қарастырылады. Статистика көрсеткендей, заң бұзған жасөспірімдердің тек әрбір бесіншісі ғана бас бостандығынан айырылады.
Соңғы жылдары елде жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейі өсіп келеді. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректеріне сәйкес, 2025 жылы қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікке ілінген кәмелетке толмағандардың саны 2,5 мың адамға жеткен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 30,5 пайызға көп және соңғы бес жылдағы ең жоғары көрсеткіш саналады.
Биылғы жылдың алғашқы төрт айында құқық қорғау органдарының назарына 665 жасөспірім іліккен. Олардың жартысына жуығы ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған.
Қылмыс деңгейінің артуы сотқа тартылған жасөспірімдер санының көбеюіне де әсер етті. Өткен жылы сот қарауына түскен 1,3 мыңнан астам кәмелетке толмағанның 564-іне қатысты қылмыстық істер тоқтатылған. Осылайша олардың шамамен 43 пайызы сотталғандар қатарына енбеген.
“Істердің тоқтатылуы тек жеңіл құқық бұзушылықтарға ғана емес, денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіру, тонау, қарақшылық және бопсалау секілді қылмыстарға да қатысты болған. Мұндай жағдайда жасөспірімдерге көбіне тәрбиелік ықпал ету шаралары қолданылады. Олардың қатарында ескерту беру, пробациялық бақылау орнату немесе арнайы білім беру ұйымдарына орналастыру бар,” – дейді басылым.
Сонымен қатар өткен жылы сотталған кәмелетке толмағандардың саны 20,3 пайызға өсіп, 753 адамды құрады. Олардың 70 пайыздан астамы ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған. Бұл санатқа кісі өлтіру және жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық қылмыстары да кіреді.
Сотталған жасөспірімдердің 40 пайыздан астамы бас бостандығын шектеу жазасын алған. Тағы 15,3 пайызы шартты түрде сотталған. Ал бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғандардың үлесі 22 пайызды құраған.
2025 жылы 166 жасөспірім түрмеге жіберілген. Олардың 97-сі бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге сотталған. Бір жасөспірім ауырлататын мән-жайлардағы кісі өлтіру қылмысы үшін он жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айырылған.
Ұзақ мерзімге сотталғандардың арасында адам өлтіру, ауыр дене жарақатын келтіру, жыныстық сипаттағы қылмыстар және есірткіге қатысты құқық бұзушылықтар жасағандар басым болған.
Қылмысты көбіне кімдер жасайды
Статистикаға сәйкес, сотталған кәмелетке толмағандардың 93 пайыздан астамын ұл балалар құрайды. Ең көп құқық бұзушылық 16–18 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында тіркелген.
Әлеуметтік жағдайына келсек, сотталғандардың басым бөлігі түрлі оқу орындарының студенттері мен оқушылары болған. Ал шамамен 12 пайызы оқымайтын, жұмыс істемейтін және кәсіби даярлықтан өтпейтін жастар санатына жатады.
Сондай-ақ деректер кәмелетке толмаған құқық бұзушылардың көпшілігі толық отбасында тәрбиеленгенін көрсетеді. Өткен жылы сотталғандардың 62 пайызға жуығы ата-анасымен бірге тұрған. Ал жетім балалар мен интернат тәрбиеленушілерінің үлесі небәрі 1,7 пайызды құраған.