×
487.44
567.38
6.62
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
487.44
567.38
6.62

AMANAT партиясы «Әділетпен» бірігу мүмкін

AMANAT партиясы «Әділетпен» бірігу мүмкін
Фото: AMANAT партиясы

6 маусым күні өткен саяси кеңестің кезектен тыс отырысында Amanat партиясы мен жаңадан құрылған «Әділет» партиясының ықтимал бірігу мәселесі қаралған. Бұл туралы BES.media басылымына Мәжіліс депутаты, партияның саяси кеңесі бюросының мүшесі Ерлан Саиров мәлімдеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

САИРОВТЫҢ СӨЗІ

Оның айтуынша, саяси кеңес мүшелерінің басым бөлігі президенттік реформаларды қолдайтын электораттың бірнеше саяси күшке бөлінбеуі қажет деген пікірде.

Қазіргі уақытта саяси кеңес мүшелерінің көпшілігі бірігу идеясын қолдап отыр. Түпкілікті шешім партия съезінде қабылданады. Дегенмен, пропрезиденттік көзқарастағы сайлаушылардың бөлшектенбеуі маңызды деген ұстаным басым. Сондықтан алдағы уақытта партиялардың бірігуі мүмкін, – деді Ерлан Саиров.

СОҢҒЫ ШЕШІМ ҚАШАН ҚАБЫЛДАНАДЫ?

Әзірге екі саяси ұйымның қосылуы туралы ресми шешім қабылданған жоқ. Бұл мәселе алдағы партия съезінде қаралып, нақты қорытынды жарияланбақ.

Қазіргі таңда Қазақстанда ресми түрде сегіз саяси партия тіркелген. Олар: Amanat, «Ақ жол», Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП), «Республика», Қазақстан халық партиясы, «Ауыл», «Байтақ» және «Әділет».

«ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ҚАШАН ҚҰРЫЛДЫ?

Жаңа саяси ұйымның құрылғаны туралы 2026 жылғы 15 сәуірде жарияланған болатын. Келесі күні партияның бастамашыл тобы мемлекеттік тіркеуден өту үшін құжаттарын Әділет министрлігіне тапсырды.

Партия өкілдері өздерінің негізгі ұстанымдары ретінде саяси жаңғыруды қолдауды, жаңартылған Конституция қағидаттарын жүзеге асыруды, заң үстемдігін нығайтуды және азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге қатысу мүмкіндігін кеңейтуді атаған.

ПАРТИЯ ҚҰРАМЫНДА КІМДЕР БАР?

«Әділет» партиясының төрағасы болып Президент әкімшілігін бұрын басқарған Айбек Дәдебай сайланды. Саяси кеңес құрамына «Қазақтелеком» компаниясының басқарма төрағасы Бағдат Мусин, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева, кәсіпкер Андрей Лаврентьев, саясаттанушы Марат Шибутов, қоғам қайраткері Рауан Кенжеханұлы және Астана халықаралық қаржы орталығының басқарушы директоры Ренат Бектұров енген.

Егер бірігу туралы шешім қабылданса, бұл Қазақстанның партиялық жүйесіндегі соңғы жылдардағы ең ірі саяси өзгерістердің бірі болуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары