Қазақстандық ғалымдар бүгіннен бастап үш күн бойы күшті магниттік дауыл болатынын болжады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҒАЛЫМДАР НЕ ДЕЙДІ?
“Хабар 24” телеарнасының мәліметінше, Ионосфера институты мамандары оның ерекшелігі аспанда полярлық шұғыла өте анық көрінетінін айтқан. Соңғы рет осындай сирек құбылыс қаңтар айында тіркелді. Сол кезде Қазақстанның оңтүстік-шығыс аймағында түнгі аспан ерекше жарқырады. Күшті магниттік дауыл байланыс жүйесіне және орбитадағы кейбір спутниктердің жұмысына кері әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар дәрігерлердің айтуынша, қан қысымы бар адамдардың абай болғаны жөн.
11 ЖЫЛҒА СОЗЫЛАДЫ
Күн белсенділік танытатын кезеңдер болады. Мұндай белсенділік шамамен 11 жылға созылады. Бірде өсіп, бірде төмендеп отырады. Қазір біз төмендеу кезеңіне жақындап келеміз. Алайда мұндай қорытындыны нақты деректерге сүйеніп қана жасай аламыз. Ол үшін уақыт өтуі керек, – деді Ионосфера институтының аға ғылыми қызметкері Ботагөз Сейфуллина.
Еске сала кетейік, 2026 жылдың 27 қаңтарында Ғарыштық зерттеулер институтының Күн астрономиясы зертханасы мен Ресей ғылым академиясының Күн-Жер физикасы институты Жерде магниттік дауылдардың қайтадан басталатынын мәлімдеген болатын.