×
487.44
567.38
6.62
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
487.44
567.38
6.62

Үш адамды жалмаған жол апаты: Жәбірленушілердің барлығы сотталушыны кешірді

Бүгін, 13:00
Үш адамды жалмаған жол апаты: Жәбірленушілердің барлығы сотталушыны кешірді
ulysmedia.kz коллажы

Алматыдағы ауданаралық қылмыстық сотта Әл-Фараби даңғылындағы адам өліміне әкелген жол апатына қатысты іс бойынша үшінші жәбірленуші тарап Zeekr көлігінің жүргізушісі Александр Пакты кешіргенін және оған ешқандай талабы жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

8 маусымдағы сот отырысында марқұм Томирис Қадырбектің анасы Арайылым Есенбаеваға сөз берілді. Ол 21 наурыз күні таңертең қызының қайтыс болғаны туралы хабар алғанын, кейін мәйітханаға барып танығанын айтты.

«Мен Томирис Қадырбектің анасымын. Айыпталушыға ешқандай талабым жоқ. Сот қалай шешсе, солай болсын», – деді Есенбаева.

Қорғау тарапы Пакқа қатысты татуласу туралы өтініш бар екенін хабарлады. Есенбаева оны растады. Өтініште ауыр зардаптарға және қыздарының қазасына қарамастан, отбасының Пакты кешіргені және онымен татуласқаны көрсетілген. Есенбаеваның айтуынша, айыпталушы шын жүректен өкініш білдіріп, моральдық және материалдық шығынды толық өтеген. Жәбірленуші татуласудың құқықтық салдары түсіндірілгенін де растады.   

Алдыңғы сот отырысында, 1 маусымда, басқа  екі жәбірленуші тарап та Пакты кешіріп, оған талаптары жоқ екенін айтқан болатын. Олар – Құмар Тенелбаеваның анасы Бақытгүл Жолдасова және Mercedes жүргізушісі Еламан Тлемісовтің әпкесі Ляззат еді.

Контекст

Бұған дейін Александр Пак өз кінәсін толық мойындаған. Оған Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігі бойынша алкогольдік мас күйде жол қозғалысы ережесін бұзып, абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соғу бойынша айып тағылып отыр.

Жол апаты 21 наурызға қараған түні Әл-Фараби даңғылында болған. Оқиға салдарынан үш адам – Mercedes жүргізушісі және 20 мен 22 жастағы екі қыз қаза тапқан. Тергеу мәліметінше, Пак басқарған Zeekr қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат кезінде айыпталушы масаң күйде болған.

Серіктес жаңалықтары