АҚШ пен Иран арасындағы бейбіт келісімге қол қою рәсімі 19 маусым, жұма күні Швейцарияда өтеді. Бұл туралы Пәкістанның премьер-министрі Шахбаз Шариф мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
АҚШ пен Иран бірнеше айға созылған келіссөздерден кейін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойып, өңірдегі шиеленісті төмендетуге бағытталған келісімге келді. Бұл келісімге Катар, Пәкістан және басқа да делдал мемлекеттер қатысқан.
Келісімнің негізгі тармақтарына сәйкес, Иран ядролық қаруға ие болмау жөніндегі міндеттемесін растайды және өзінің ядролық бағдарламасы бойынша халықаралық бақылауды күшейтуге келіседі. Өз кезегінде АҚШ пен Батыс елдері Тегеран нақты әрі тексерілетін қадамдар жасаған жағдайда санкцияларды кезең-кезеңімен жеңілдетуге дайын екенін білдірді.
Сондай-ақ тараптар әлемдік мұнай тасымалы үшін аса маңызды саналатын Ормуз бұғазын қайта ашу мәселесі бойынша келісімге келген. Құжатта халықаралық кеме қатынасының еркіндігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету көзделген.
Келісімнің тағы бір маңызды бағыты – аймақтағы тұрақтылықты қалпына келтіру. АҚШ, Иран және өңірлік серіктестер ұзақ мерзімді дипломатиялық реттеуге қол жеткізу үшін келіссөздерді жалғастыруға ниетті.
Осыған байланысты Франция, Ұлыбритания, Германия және Италия лидерлері бірлескен мәлімдеме жасап, Вашингтон мен Тегеран арасындағы келісімді қолдайтындарын мәлімдеді. Олар бұл құжат Таяу Шығыстағы тұрақтылықты нығайтып, әлемдік экономикаға оң әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.
Айта кетейік, соңғы айларда АҚШ пен Иран арасындағы қарым-қатынас ядролық бағдарлама, санкциялар және Ормуз бұғазындағы қауіпсіздік мәселелеріне байланысты күрт шиеленіскен болатын. Жаңа меморандум тараптар арасындағы дағдарысты дипломатиялық жолмен шешуге бағытталған алғашқы маңызды қадамдардың бірі ретінде бағалануда.