АҚШ пен Украина делегацияларының Майамидегі келіссөздері нәтижелі өтті. Бұл туралы АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Кездесуде Украинаның алдағы қысқа дайындығы, елдің қауіпсіздігіне берілетін кепілдіктер және соғыс аяқталғаннан кейінгі қалпына келтіру жоспары талқыланды.
Уиткоффтың айтуынша, келіссөздегі басты мәселелердің бірі – қыс мезгілі қарсаңында қолға алынуға тиіс шұғыл шаралар.
Атап айтқанда, Украинаның энергетикалық инфрақұрылымын нығайту және астық экспортын қамтамасыз ету жолдары қарастырылды.
Сонымен қатар Украина мен Еуропаның қауіпсіздігіне кепілдік беру және соғысты тоқтату үшін алдағы уақытта қандай қадамдар жасалуы керегі сөз болды.
Тараптар болашақта жаңа қақтығыстардың алдын алуға, Украина экономикасын қалпына келтіруге және елдің Еуропалық одаққа қосылуына жол ашуға бағытталған ықтимал келісімдерді де талқылады.
«Пікір алмасу нәтижелі өтті. Бұл кездесу АҚШ-тың Ресеймен алдағы келіссөздері қарсаңында әлі де пысықтауды қажет ететін негізгі бағыттарды айқындауға мүмкіндік берді», – деп жазды Уиткофф.
Майамидегі кездесуге Джаред Кушнер, АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесі мен Қаржы министрлігінің өкілдері де қатысты.
Сондай-ақ талқылауға Германия, Франция және Ұлыбританияның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілері қосылды.
Еуропалық комиссия мен НАТО да келіссөзге өз өкілдерін жіберді.