×
489.33
566.3
6.74
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
489.33
566.3
6.74

Үйқамақтан босаған ҚазТАГ-тың бас редакторы мәлімдеме жасады

Бүгін, 10:23
Үйқамақтан босаған ҚазТАГ-тың бас редакторы мәлімдеме жасады
Фото: ҚазТаг

"ҚазТАГ" ақпарат агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов үйқамақ мерзімі аяқталғаннан кейін алғаш рет көпшілік алдында мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Оның айтуынша, 2026 жылғы 14 маусым күні сағат 22:55-де үйқамақ ресми түрде тоқтаған. Ұзартылған-ұзартылмағаны жөнінде нақты ақпарат берілмегендіктен, ол өз ұстанымын ашық айтуға мүмкіндік туғанын жеткізді.

Қасенов сотта Freedom Finance компаниясына жолданған сұраулар бойынша барлық дәлелдер ұсынылатынын атап өтті. Оның сөзінше, редакция сұраулары компанияның өз электрондық поштасына жіберілген және ол хаттарды алғанын растайтын құжаттар бар, бірақ жауап келмеген.

Сонымен қатар ол айыптаушы тарап пен Тимур Турлов тарапы ұсынған дәлелдер мықты болса, іс барысында көптеген қайшылықтар мен процессуалдық мәселелер туындамас еді деп есептейді.

Журналист бұған дейін айтылған медиация мәселесіне де тоқталды. Оның пікірінше, медиация – өзара келісім мен ымыраға келу процесі. Ал егер алдымен кінәні мойындау талабы қойылса, бұл шынайы диалогқа жатпайды деп санайды. Дегенмен ол даулы материалдарды жоюға және тақырыпты одан әрі қозғамауға қарсы емес екенін айтты.

Кешірім сұрау мәселесіне келгенде, Қасенов белгілі бір моральдық залал болуы мүмкін екенін жоққа шығармайтынын, бірақ журналистік қызмет атқарғаны үшін толықтай кінәлі деп тануды қабылдай алмайтынын жеткізді. Оның айтуынша, ақпаратты жариялау – оның кәсіби міндеті.

«Мен кешірім сұрауға дайынмын. Кешірім сұрай білу – күшті адамның қасиеті. Бірақ негізгі мәселе – нақты не үшін кешірім сұрайтынымда. Егер біздің жариялаған материалдарымыз Турлов мырза мен оның командасына моральдық жайсыздық тудырған болса, сол үшін кешірім сұрауға дайынмын. Алайда журналистік міндетімді орындағаным және өздерін жәбірленуші санайтын адамдарға сөз бергенім үшін кешірім сұрай алмаймын», – деді Әмір Қасенов.

Контекст

Былтыр желтоқсанның басында ҚазТАГ басшысы Әсет Матаев пен ҚазТАГ агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов "көрінеу жалған ақпарат таратты" деген күдікке ілінген.

10 маусымда Әмір Қасеновтың медиациялық келісімге келуге дайын екендігі туралы ақпарат тараған. Адвокат Сәлімжан Мусин бүгінгі сот отырысынан кейін журналистерге Қасеновтің «ақылға қонымды жағдайда келісімге келуге дайын екенін, бірақ кінәсін мойындамайтынын» айтты.

Маусымның басында үйқамақта отырған Әмір Қасенов президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жасап, соттың ашық өтуін талап еткен. Ол сот жабық болған жағдайда аштық жариялайтынын айтқан.

Агенттіктің үстінен Freedom Finance компаниясы арыз түсірген. ҚазТАГ бұған дейін Freedom Finance компаниясындағы «алаяқтық схемалардан зардап шеккендер» жайлы деп бірнеше мақала мен видео жариялаған. Ал Freedom Finance жарияланған мақала мен видеолар шындыққа жанаспайды дейді. ҚазТАГ бұл істі өздеріне жасалған қысым деп санайды.

Серіктес жаңалықтары