27 қазанда Facebook халықаралық «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қорының ресми парақшасын уақытша бұғаттады. Әлеуметтік желі бұған үшінші тұлғалардың авторлық құқықтары бұзылуы мүмкін деген себеп келтірген. Дегенмен, парақша шетелден әлі де ашылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Не бұғатталды?
Facebook бұғаттаудан бұрын қордың 6 қазанда жариялаған жазбасын өшірген. Онда «Мемлекеттік органдардың регламентін бұзғаны үшін журналистер аккредитациясынан айырылуы мүмкін» деген тақырып көтерілген.
Жазбада Ulysmedia.kz редакциясына жасалған ескерту туралы айтылған. Құрылтайдағы брифинг кезінде журналист Әсем Ғұмарова Ішкі істер министрлігінің өкіліне отырыстың күн тәртібіне қатысы жоқ сұрақтар қойған. Ережені қайталап бұзған жағдайда оған алты айға аккредитациядан айырылу қаупі төнген.
Қордың заңгері Сергей Уткин материалда мұндай шектеулердің «Масс-медиа туралы» заңға қайшы келетінін түсіндірген.
Facebook қор парақшасының нақты қандай авторлық құқықты бұзғанын түсіндірмеді.
Шетелден парақша ашылып тұр
Қор шетелдегі әріптестерінен Facebook парақшасының ашылатынын тексеруді сұрады. Олар парақшаға кіре алатынын растады.
– Бұл бұғаттау тек Қазақстан аумағында ғана қолданылуы мүмкін деген болжам жасауға мүмкіндік береді. Алайда қолжетімділіктегі айырмашылықтың себебі әзірше белгісіз, – делінген қордың хабарламасында.
«Әділ сөз» өкілдерінің айтуынша, бұған дейін осындай бұғаттауға қазақстандық журналистер, редакциялар мен Құқықтық медиаорталық та тап болған.
Қор Meta компаниясына өтініш жолдап, парақшаның бұғатталу себебін түсіндіруді және оның жұмысын қалпына келтіруді сұрады.