×
491.37
570.48
6.78
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
491.37
570.48
6.78

"Аманат партиясы парламентте заңсыз отыр": Белгілі журналист Конституциялық сотқа арыз жазды

Бүгін, 14:03
"Аманат партиясы парламентте заңсыз отыр": Белгілі журналист Конституциялық сотқа арыз жазды
ЖИ/Ulysmedia

Өткен аптада ұзақ жылдан бері билікте отырған «Аманат» партиясы су жаңа «Әділет» партиясына қосылатыны туралы шешім қабылдады. Артынша партияның Астанадағы бас кеңсесіндегі жазуы ауысып, оның орнына «Әділет» партиясының таңбасы қойылды. Бірақ парламентте басым орынға ие болып отырған «аманаттық» депутаттар жұмысын сол күйі жалғастырып жатыр. Осыған байланысты журналист Асылхан Мамашұлы Конституциялық сотқа арыз жазды. Ол тек БСН нөмірі ғана қалған партия депутаттары мандатын тапсырып, парламенттен кетуі тиіс деп есептейді.

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТҚА АРЫЗ ЖАЗҒАН ЖУРНАЛИСТ

16 маусымда журналист Асылхан Мамашұлы Facebook желісінде Конституциялық сот төрайымы Эльвира Әзімоваға жария арыз жазды. Онда ол «Аманат» партиясының өзін ұйым ретіндегі қызметі мен ресми атауынан бас тартуына қарамастан, әлі күнге дейін мәжілістегі депутаттық мандатын Орталық сайлау комиссиясына қайтармай отыруы қаншалықты Конституцияға сай екенін түсіндіруді сұрады.

– Кез келген партияның өзге қоғамдық ұйымдармен қосылуына, өз-өзін жоюына заңда тыйым жоқ. «Аманат» партиясы да өз-өзін заңға сәйкес жойды. Енді әрі қарай да заңға және партия мен депутат этикасына сәйкес әрекет жасап, Мәжілісте иеленіп отырған 62 мандатты Орталық сайлау комиссиясына дереу қайтарып беруге, Мәжілістен толық кетуге тиіс. Ол мандаттарды 2023 жылғы мәжіліс сайлауының қорытындысы бойынша қайта есептеп, басқа үміткерлер мен партияларға беру қажет, – деп жазды журналист.

«Аманат» партиясы парламент мәжілісінде басымдыққа ие. Билік партиясы 98 мандаттың 62-сін иеленіп отыр.

Асылхан Мамашұлы партия өкілдерінің «Азаматтық кодекстің «Заңды тұлғаны қайта құру туралы» 45-бабына, Бизнес сәйкестендіру нөмірлерінің (БСН) ұлттық тізімінде өзгергенге дейін ұйым «қызметі тоқтады» деп есептелмейді» деген уәжге сүйеніп, жұмыс істеуі қисынға келмейді деп есептейді.

– «Әділет» партиясы да  осы бапты меңзеп, «толық қосылып біткенше «Аманат» партиясы заңды тұлға ретінде өмір сүре беретінін» мәлімдеді. Яғни «Аманаттың» БСН-і ғана қалған. Ал бұл – партиялардың мәжіліс мандатын ұстап отыруына жеткіліксіз. Оның үстіне 2023 жылы сайлау кезіндегі үгіт-насихатында «Аманат» партиясы халыққа өзінің «БСН-ін» емес, «Аманат» партиясының логотипін көрсеткенін, сайлау бюллетеніндегі «Аманат» деген логотип тұсына белгі қойып, дауыс беруге шақырғанын ескеру керек. Оған сол кездегі сайлау бюллетеньдері дәлел (төменде бюллетень суреті берілді). Сайлау туралы заң бойынша, дауыс бюллетеньдеріне «БСН» емес, партия атауы жазылады. Сайлаушыларға партия БСН-інің қалай өзгергені маңызды емес, – дейді ол.

Ол жалғыз БСН-ді желеу етіп, депутаттық мандатын қайтармау, халықты алдау болып саналады дейді. Тіпті аса ауыр «билікті заңсыз иелену», «басып алу», «басып алуға оқталу» сияқты баптармен сараланатын қылмыстық салдарға алып келуі де мүмкін екенін айтады.

– Аталған жайттарды ескере отырып, «Аманат» партиясының әрекетіне Конституциялық құқықтық баға беруді, теріс деп тапқан жағдайда Парламент Мәжілісін мерзімінен бұрын таратуға негіз болатын Конституциялық сот қаулысын шығаруды, не болмаса маусымның 12-сінен 1 шілдеге дейінгі Мәжіліс жұмысын заңсыз деп тануды, сол арада қабылданатын барлық құқықтық - нормативтік актілердің күшін жоюды және мандатын тапсырмай, Мәжілістің легитимділігіне нұқсан келтірген «Аманат» депутаттарына мандатын тапсырған соң құқықтық шара қолдану туралы тиісті органдарға қатынас жолдауды өтінемін, – деп жазды Асылған Мамашұлы арызында.

«АМАНАТТЫҢ» АҚЫРЫ

12 маусымда «Аманат» партиясы сьезінде «Әділет» партиясына қосылатыны туралы шешім қабылдаған. Делегаттар бұл ұсынысты бірауыздан қолдаған, қарсы дауыс берушілер болмаған.

14 маусымда «Әділет» партиясы да сьез өткізіп, «Аманатты» өзіне қосуды мақұлдаған. Қос партия өкілдері де «жауапты сәтте ресурстарымызды біріктіруіміз керек» деді. «Аманат» мүшесі Ерлан Саиров  халық «Аманатты» әлі де экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевпен байланыстыратынын айтып, бұл қадамды жаңару әрекеті деп түсіндірді.

«Әділет» партиясының өкілі Рауан Кенжеханұлы «Аманатты» қосып алу процесіне шамамен 5-6 ай уақыт кетуі мүмкін екенін айтты. Олардың біріккен отырысы алдағы уақытта өтеді. Әзірге құрылтай сайлауында партия тізіміне кімдердің кіретіні, сайлау науқанына қанша қаржы жұмсалатыны, оны қалай жүзеге асыратыны белгісіз.

««АМАНАТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ МАНДАТЫН АЛУ КЕРЕК»

Ulysmedia тілшісі журналист Асылхан Мамашұлының пікірін біліп көрді. Ол арызын egov арқылы Конституциялық сотқа жолдап жатқанын айтты. Оның сөзінше, «Аманаттың» «Әділетке» қосылуының өзі нонсенс жағдай. Журналист арыз жазу себебін былай деп түсіндірді:

– 15 күн парламентте «Аманаттың» отырған немесе отырмағанынан ешнәрсе өзгеріп кетпейді. Бірақ бұл прецедент қой. Егер дәл осылай болатын болса, келесі жолы тағы осылай қайталануы мүмкін. Келесі жолы 15 күн емес, 20 күн отыруы мүмкін, 6 ай отыруы мүмкін. «Әділет» партиясына қосылып отыр ғой бұлар. «Аманат» партиясының офисін алды деген сөз, бүкіл мал-мүлкін, қаржы, құжатына бақылау жасай алады деген сөз. Парламентте басым көпшілік орынға ие болып отырған партияның құжаттарына қол жеткізіп отыр. Сол партияға тікелей ықпал етіп отыр. [Әділет] парламентке кірді деген сөз. Логикаға салсақ, осындай нәрселер бар, – дейді ол.

Асылхан Мамашұлы Конституциялық сот арызына жауап беретініне күмәнмен қарайды. Бірақ идеалды жағдайда ол «Аманат» партиясының мандатын алуы тиіс дейді.

– Құқықтық бағаны Конституциялық сот береді. Мен Конституциялық соттың қандай екенін шамамен білемін. Олар маған жауап беретініне де аса сеніп отырған жоқпын. Бірақ менің міндетім, өзімнің азаматтық борышым бұны айту керек деп есептедім және айттым да. Конституциялық сот егер қисынға қарайтын болса, заңның логикасына қарайтын болса, осы мәселенің барлығын ескеретін болса, онда «Аманат» партиясының мандатын алуы керек. «Тапсыруға міндетті» деп шешім шығаруы тиіс. Егер «Аманат» партиясы «оған көнбейміз, тапсырмаймыз» дейтін болса, онда Конституциялық соттың құзыреті бар. Ол «парламент мәжілісінің депутаттары өзінің мандатына сәйкес емес» деп шешім шығарып берсе, сол шешім арқылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың таратып жіберуге мүмкіндігі бар. Әрине менің арызымды он бес күннің ішінде қарай салмайды ғой. Ол кезде парламент онсыз да тарап кетеді. Бірақ егер Конституциялық сот шынымен де осындай шешім қабылдайтын болса, онда сол он бес күн жұмысын заңсыз деп шешім қабылдауына болады, – дейді журналист.

Ulysmedia осы жағдайға байланысты «Аманат» партиясының бірнеше депутатына хабарласып көрді. Бірақ олардың ешқайсысы телефон тұтқасын көтермеді.

Серіктес жаңалықтары