×
487.17
565.65
6.72
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
487.17
565.65
6.72

Төрт адамды өлтірген Сәрсемәлиев «күнәсін жуу үшін» Меккеге барған

Бүгін, 12:08
Төрт адамды өлтірген Сәрсемәлиев «күнәсін жуу үшін» Меккеге барған
Фото: Ulysmedia.kz

Өлген туысының атына несие рәсімдеу, оның атынан хат алмасу, Меккеге сапар және Балиға қашу. Төрт кісінің өлімі бойынша өткен кезекті сот отырысында Сұлтан Сәрсемәлиев қылмыстан кейін қалай өмір сүргенін, не себепті әйелінің отбасын кінәлағанын және іздеуде жүрген кезінде не үшін шетелге кеткенін алғаш рет егжей-тегжейлі айтып берді. Ulysmedia.kz оның бірнеше сағатқа созылған айғақтарының негізгі тұстарын жинақтады.

«Олар біздің өмірімізге араласты»

Сотта айыпталушыдан алғаш рет жауап алынды. Прокурор мен жәбірленуші тарап өкілдерінің сұрақтарына Сұлтан Сәрсемәлиев жауап беруден бас тартты. Ол тек судьямен және өзінің адвокатымен ғана диалог жүргізді.

Айыпталушының айтуынша, жауаптарының басым бөлігі әйелі Ақбаянның отбасымен арадағы қарым-қатынасқа қатысты болды. Оның сөзінше, отбасы арасындағы шиеленіс жылдар бойы жиналып, кейін жұбайының денсаулығы нашарлағаннан соң жағдай тіпті ушыға түскен. Сәрсемәлиевтің айтуынша, әйелінің туыстары оның қатысуынсыз шешім қабылдап, тек жұбайының ғана емес, балалардың да тағдырына ықпал еткісі келген.

– Олар бізге шамадан тыс араласып, өмірімізге үнемі қол сұқты. Кейбір сөздері мен әрекеттері менің намысыма қатты тиді. Олар Акбаянды өз қасында ұстап, балаларды алып қалғысы келіп тұрғандай көрінді, – деді ол.

Айыпталушының айтуынша, ең көп наразылығы қайын енесіне қатысты болған. Ол енесі оны ешқашан қабылдамағанын және үнемі сын айтып отырғанын алға тартты.

– 2024 жылы Акбаян ауруханаға түсті. Мен оны көруге барып, дәрі апарғым келді, бірақ мені кіргізбеді. Сол кезде қатты ашуландым, – деді ол.

Алайда жәбірленуші тарап бұл нұсқаға сенбейтінін айтып, алдыңғы отырыстарда Сарсемалиевтің сөздерін өз әрекеттерін ақтауға тырысу деп бағалаған.

Алғашқы шабуыл

Наурыз Мұқанғалиевтің өліміне келгенде Сәрсемәлиев бұл оқиғаны алдын ала жоспарламағанын тағы да дәлелдеуге тырысты. Оның айтуынша, екеуінің арасында жанжал шығып, төбелеске ұласқан.

– Ол мені тұншықтырып, ұра бастады. Сол сәтте дұрыс ойлай да, тыныс ала да алмадым. Егер қорғанбасам, өзім өліп кететіндей көрінді. Мен оны өлтіргім келмеген еді, – деді айыпталушы.

Алайда бұдан кейінгі айғақтар «кездейсоқ кісі өлтіру» нұсқасына қайшы келді. Сәрсемәлиев қаза тапқаннан кейін Наурыздың атына несие рәсімдеп, оны борышқа батқан адам ретінде көрсетуге тырысқанын мойындады. Сонымен қатар ол марқұмның телефонын пайдаланып, WhatsApp арқылы оның туыстарымен хат алмасып отырған.

Бұған дейінгі сот отырыстарында ол кейінгі кісі өлтірулер алғашқы қылмысты жасыру үшін жасалғанын айтқан.

Мекке және өлім туралы ойлар

Несие, хат алмасу және отбасылық жанжалдар туралы әңгімелер арасында ол күтпеген жайтты да баяндады. Сәрсемәлиев қылмыстардан кейін Меккеге барғанын айтты.

– Мен Алладан күнәларым үшін кешірім сұрағым келді. Ол кезде тіпті өз-өзіне қол жұмсау туралы ойлар да болды, – деді ол.

Кейін ол Қазақстанға оралған соң елден кетуге шешім қабылдаған. Алдымен Ташкент пен Түркияны қарастырғанымен, шығынға байланысты бұл жоспарлардан бас тартқан. Ақырында ол жұбайы Ақбаян Мұқанғалиевамен бірге Индонезиядағы Бали аралына кеткен.

– Әйелімді жалғыз қалдыра алмадым, сондықтан оны өзіммен бірге алып кеттім, – деді ол.

Шетелде жүрген кезде ол интернет арқылы тергеу барысын бақылап отырғанын, іздеуде екенін білгенін және балалардың туыстарына берілгенін оқып отырғанын айтты.

Соңында марқұм Наурыз Мұқанғалиевтың денесі туралы сұрақ көтерілді. Сарсемалиевтің айтуынша, бас пен дененің бөлінуі жерлеуден кейін шамамен он ай өткен соң қайта қазып алынған кезде болуы мүмкін. Алайда бұл жауап прокурорды қанағаттандырмады. Ол сотқа мәйіттерді зерттеген сарапшыны шақыруды сұрады

Іс туралы мәлімет

Айыптау нұсқасына сәйкес, 2025 жылдың көктемінде Сәрсемәлиев жұбайының ағасы Наурыз Мұқанғалиевты өлтірген. Кейін ол жұбайының ата-анасы – Мақсот Карабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваны, сондай-ақ Мейрамгүл Карабалинаны өлтірген деген күдікке ілінген.

Бұған дейінгі сот отырыстарында айыпталушы төрт адамның барлығына өлімге әкелген жарақат салғанын мойындаған. Сондай-ақ сотта оқиға орнында жасалған тергеу әрекеттерінің бейнежазбалары зерттелген. Сарапшылар оның қылмыс кезінде әрекеттерін саналы түрде жасағанын және аффект жағдайында болмағанын анықтаған.

Серіктес жаңалықтары