×
$
443.96
€
487.73
₽
5.38
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
443.96
€
487.73
₽
5.38

«Самұрық-Қазынаның» келешегі қандай? Экономиканы дербес ету үшін не керек – талқылау

Бүгін, 20:30

Директорлар кеңесі, аудиторлар мен түрлі бақылаушы органдар бола тұра, «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ неге үлкен даудың ортасында қалды? Ұлттық компанияларда шешімді шын мәнінде кім қабылдайды және оның салдары үшін кім жауап беруі керек?

Самал Ибраеваның сұхбатында Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұров пен QAMS атқарушы директоры Данияр Темірбаев ұлттық активтерді басқару жүйесінде нені өзгерту керегін талқылайды.

Бұл оқиғада көпшіліктің назары «доллар жауынына» ауды. Ал мемлекеттік байлықты басқару жүйесіне қатысты маңызды сұрақтар сол ақша салынған шабадандар төңірегіндегі әңгіменің тасасында қалып қойды. Неліктен бақылау тетіктері заңсыз әрекеттерге тосқауыл бола алмайды? Тәуелсіз директорлар қаншалықты дербес? Ал қалыптасқан жағдайды өзгерту үшін басшыларды ауыстыру жеткілікті ме?

Қанат Нұров қолданыстағы директорлар кеңестерін «көзбояушылық» деп атап, басқарудың шектен тыс орталықтандырылуы нақты бақылауға қалай кедергі келтіретінін түсіндіреді. Ал Данияр Темірбаев ұлттық компанияларды салалық министрліктердің қарамағына беру қазіргі мәселелерді одан әрі ушықтыруы мүмкін екенін ескертеді.

Тағы бір маңызды тақырып – президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамды «өзіміздікі» және «бөтен» деп бөлуге болмайтыны туралы ұстанымы. Бұл қағиданы басқару ісінде нақты қалай жүзеге асыруға болады? Экономиканы ырықтандыру туралы жарлық неге әзірге қажетті өзгерістерге жол ашпады?

Бұл шығарылымда:

  • «Самұрық-Қазына»: қорды реформалау керек пе, тарату керек пе, әлде қызметінің бағытын өзгерту қажет пе?

  • Шешімді кім қабылдайды және құжатқа қол қойған адам неге өзі қабылдамаған шешім үшін жауап беруі мүмкін?

  • Тәуелсіз директорлар қалай іріктеледі және олардың жұмысын кім қадағалауы керек?

  • Мемлекет неге бір мезгілде меншік иесі, реттеуші әрі басқарушы қызметін атқарады?

  • Қордың орталық аппараты қанша қаражат жұмсайды және оның нақты тиімділігін қалай бағалауға болады?

  • Қазақстан Сингапурдың Temasek тәжірибесінен не үйрене алады?

  • ҚТЖ-ның IPO-сын кейінге қалдыру керек пе, әлде қор нарығына шығу компания жұмысын ашық етуге мүмкіндік бере ме?

  • Теміржол саласына стратегиялық инвестор не үшін қажет және сарапшылар Қытаймен әріптестіктен қандай мүмкіндік көреді?

  • Инвесторларды не көбірек алаңдатады: атышулы тұтқындаулар ма, әлде ережелердің тұрақсыздығы ма?

  • Мемлекеттік компаниялар неге жеке бизнестің жолын бөгемеуі керек?

  • Бір көзден сатып алу қай кезде орынды және мұндай шешімдерді кім тексеруі тиіс?

ҚТЖ-ның IPO-ға шығуы жөнінде сұхбат қонақтарының пікірі екіге бөлінеді. Данияр Темірбаевтың пайымдауынша, компания биржаға шығар алдында бұл қадамға мұқият дайындалуы керек. Ал Қанат Нұров IPO-ны компанияның нақты қаржылық жағдайын ашып көрсетуге және ашықтыққа мүдделі акционерлерді тартуға мүмкіндік беретін қадам деп санайды.

Бұл – ұлттық байлық кімнің қолында, оны қалай бақылау керек және атышулы тұтқындаулардан кейін басқару жүйесінде қандай өзгерістер болуы тиіс деген мәселелер төңірегіндегі әңгіме.

Сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia YouTube-арнасынан көріңіздер.

Сізге қызық болуы мүмкін