×
489.39
567.5
6.69
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
489.39
567.5
6.69

«Заңсыздық пен жүгенсіздікке қарсылық»: Қамаудағы ҚазТАГ бас редакторы аштықты тоқтатпауға бекінген

Бүгін, 14:46
«Заңсыздық пен жүгенсіздікке қарсылық»: Қамаудағы ҚазТАГ бас редакторы аштықты тоқтатпауға бекінген
Фото: ҚазТАГ

Адвокат Акромат Мұхтаров дүсенбіден бері аштық жариялаған қамаудағы ҚазТАГ басылымының бас редакторы Әмір Қасеновтың жағдайын айтып, мәлімдеме жасады. Оның сөзінше, журналист аштық әрі қарай жалғастыруға бекініп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.

Толығырақ

ҚазТАГ-тың жазуынша, адвокат Акромат Мұхтаров 15 маусымнан бері ас-судан бас тартып, құрғақ аштық жариялап жатқан басылымының бас редакторы Әмір Қасеновпен кездесіп шыққан. Оның сөзінше, журналистің еріндері кезеріп, көзінің асты ісіп кеткен. Бірақ соған қарамастан аштық ұстауын тоқтатпауға бекінген.

Оған кіріп шықтым. Кездесу кезінде оның талаптарынан бас тартпайтыны айқын болды. Аштықты тоқтатуға көнбейді. Оның хәліне келсек: ерні кезеріп кеткен, көзінің асты ісіген, белі мен бүйрегі ауыратынын айтады. Дүйсенбіден бері ас-судан бас тартқан. Аштықты жалғастыруға бекініп отыр, – деді Мұхтаров.

Бұған қоса ҚазТАГ Қасеновтің карантин камерасынан жазған хатын да жариялады. Онда ол аштық жариялау себебін «заңсыздық пен жүгенсіздікке қарсылық» екенін айтқан.

Өзімді тірідей қылмыстық жүйеге бермеймін. Мен Қазақстан журналистерінің түрмеге қамалудан қорықпай жұмыс істеу құқығы үшін күресемін. Ақырға дейін күресеміy, – деген хатта Қасенов.

Контекст

Былтыр желтоқсанның басында ҚазТАГ басшысы Әсет Матаев пен ҚазТАГ агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов "көрінеу жалған ақпарат таратты" деген күдікке ілінген. Жуырда сот Әмір Қасеновті үйқамақтан абақтыға ауыстырған.

10 маусымда Әмір Қасеновтың медиациялық келісімге келуге дайын екендігі туралы ақпарат тараған. Адвокат Сәлімжан Мусин 11 маусымда журналистерге Қасеновтің «ақылға қонымды жағдайда келісімге келуге дайын екенін, бірақ кінәсін мойындамайтынын» айтты.

Маусымның басында үйқамақта отырған Әмір Қасенов президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жасап, соттың ашық өтуін талап еткен. Ол сот жабық болған жағдайда аштық жариялайтынын айтқан.

Агенттіктің үстінен Freedom Finance компаниясы арыз түсірген. ҚазТАГ бұған дейін Freedom Finance компаниясындағы «алаяқтық схемалардан зардап шеккендер» жайлы деп бірнеше мақала мен видео жариялаған. Ал Freedom Finance жарияланған мақала мен видеолар шындыққа жанаспайды дейді. ҚазТАГ бұл істі өздеріне жасалған қысым деп санайды.

Серіктес жаңалықтары