22 маусымда Қазақстанның бірнеше өңірінде ауа райы күрт өзгереді. Синоптиктер аптап ыстықпен қатар найзағай, нөсер жаңбыр және бұршақ түсетінін ескертті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Атырау облысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде бұршақ түсіп, дауылды жел соғады. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді. Өңірде жоғары өрт қаупі сақталады.
Батыс Қазақстан облысында жаңбыр мен найзағай күтіледі. Солтүстік, шығыс және орталық аудандарда нөсер жаңбыр, бұршақ және екпінді жел болады.
Ақтөбе облысында түнде және күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде қатты жауын-шашын, бұршақ және дауылды жел болуы мүмкін. Облыстың оңтүстігінде ауа температурасы +35 градусқа дейін көтеріледі.
Ақмола облысында күндіз жаңбыр мен найзағай күтіледі. Ауа температурасы +35...+38 градусқа дейін ысиды. Көкшетауда күндіз +35 градусқа дейін жетеді.
Солтүстік Қазақстан облысында найзағай, екпіні секундына 25 метрге дейін жететін жел соғады. Түнде және таңертең кей жерлерде тұман түседі. Күндіз ауа температурасы +35 градусқа дейін көтеріледі.
Қостанай облысында жаңбыр, найзағай, кей жерлерде бұршақ пен дауылды жел күтіледі. Облыстың оңтүстігінде аптап ыстық +39 градусқа дейін күшейеді.
Астанада күндіз ауа температурасы +35...+36 градусқа дейін жетеді.
Қарағанды облысында сынап бағаны +38 градусқа дейін көтеріледі. Сонымен қатар өңірде төтенше өрт қаупі сақталады.
Ұлытау облысында күндіз ауа температурасы +35...+38 градус, ал кей жерлерде +41 градусқа дейін жетеді.
Қызылорда облысында аптап ыстық +40...+42 градусқа дейін күшейеді. Сондай-ақ найзағай, екпінді жел болып, төтенше өрт қаупі сақталады.
Түркістан облысында өткінші жаңбыр мен найзағай күтіледі. Алайда облыстың батысы мен орталығында төтенше өрт қаупі сақталады.
Жамбыл облысында кей жерлерде найзағай ойнап, ауа температурасы +38 градусқа дейін көтеріледі.
Шығыс Қазақстан облысында өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады. Желдің екпіні секундына 23 метрге дейін жетеді. Күндіз ауа температурасы +35...+36 градус болады.
Абай облысында ауа температурасы +35...+38 градусқа дейін көтеріледі. Кей жерлерде жел күшейеді.
Павлодар облысында күндіз +35...+38 градус, ал өңірдің оңтүстігінде +41 градусқа дейін ыстық болады.
Жетісу облысында ауа температурасы +38 градусқа дейін көтеріледі. Алакөл көлдері ауданында желдің екпіні секундына 23–28 метрге дейін күшейеді.
Алматы облысында күндізгі ауа температурасы +35...+38 градусқа дейін жетеді. Таулы аудандарда өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін.