×
487.01
557.87
6.59
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
487.01
557.87
6.59

«Бұл – ашынған, ашулы фильм»: Францияда фурор жасаған «Әбіл» фильмі көрерменге жол тартты

«Бұл – ашынған, ашулы фильм»: Францияда фурор жасаған «Әбіл» фильмі көрерменге жол тартты
ulysmedia.kz

«Бұл шығарма жәй шығарма емес. Бұл – біздің қазақтың мемлекет ретінде өлгенінің жоқтау фильмі»... Алматыда режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» фильмінің тұсауы кесіліп, үлкен экранға жол тартты.

Алматының «Арман» кинотеатрында өткен фильмнің премьерасына келген көрермен залға сыймай қалды. Жұрт киноны басынан аяғына дейін үнсіз көріп шықты. Тек ең соңында ғана фильм авторларына қошамет көрсетті.

«Әбіл» фильмінің оқиға желісі 1993 жылдары өрбиді. Совет Одағы құлап, Қазақстанда колхоздар мен совхоздар таратылып, мал-мүлік жекешелендіріліп жатқан уақыт. Алайда алақандай ғана ауыл тұрғындары колхозда мүліктің әділ бөлінетіне сенбейді. Қолында билігі бар ауыл басшылары мал мен мүлікті өз ыңғайына қарай бөледі. Басты кейіпкер Әбіл де өз үлесін алуға тырысады. Бірақ көптеген қиындықтарға тап болған кейіпкер ақыр соңында үлкен моральдық таңдауға тап болады.

Жалпы, фильмде коммерциялық кинодағыдай динамика мен қайшылық көп деп айтуға келмейді. Авторлық киноға тән өзіндік сарын бар. Ұзақ-ұзақ кадрлар. Үзіліссіз түсірілген көріністер өте көп. Бірақ фильм басталған сәттен бастап құлазыған дала, тозығы жеткен қора-қопсық және жүздерінен сол заманның табы көрінетін ауыл адамдарының бейнесі бірден ауыр атмосфераға жетелейді.

Өнертанушы, дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутай кәсіби актер болмаса да, басты кейіпкер Әбілдің рөлін өте жоғары деңгейде алып шыққан. Содан да болар былтыр Ирландияның Дублин қаласында өткен XIII Silk Road International Film Festival-інде «Үздік актер» номинациясын жеңіп алды. Ал фильмнің өзі Франциядағы 31-ші Vesoul халықаралық Азия кинофестивалінде үш бірдей жүлдені – Jury Grand Prize, Critical Jury Prize және NETPAC Jury Prize жеңген.

 Фильм былтыр қаңтарда Францияда прокатқа шыққан. Ал әлем бойынша тұсаукесері 2024 жылы Busan International Film Festival кезінде өткен.

Әбілдің әйелінің рөлін сомдаған актриса Нұржан Бексұлтанованың да кейіпкері ерекше көзге түседі. Бәлкім актрисаның өзі глянцке (жылтырауық рөлге) соқтығыспағандықтан ба, әйтеуір сол замандағы ауыл әйелінің келбетін сомдауда дөп түскен.

Нұржан Бексұлтанова да былтыр Вьетнамда өткен 3rd Danang International Film Festival халықаралық кинофестивалінде осы рөлі үшін «Үздік актриса» номинациясын жеңіп алған.

Бір қарғанда, фильмде қарапайым малшылар мен ауылдық шенеуніктердің оларға деген қарым-қатынасы мен сол замандағы Қазақстанның барлық аймағында болған жекешелендірудің «ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кеткені» бейнеленгендей көрінеді. Алайда фильмде сол замандағы ауыл адамдарының билікке деген көз қарасы, саяси жағдайды талқылауы, өткен мен бүгінге деген көзқарастар қайшылығы кейіпкерлердің диалогы арқылы көрсетілген.

Фильмде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы да айтылады. Әбілмен көршілес отырған қойшының Қасен есімді ұлы абақтыдан оралып, соған байланысты ауыл тұрғындары сол үйге жиналады. Сол жерде мал-мүлікті өзінің қалауынша талан-таражға салып жүрген ауылдық шенеунік – Бөке қойшыларға енді жағдайдың оңалатыны туралы айтады.

– Назарбаев аман болса, жаңа айттым ғой, қазақты біраз жерге алып барады, ол солай, – дейді.

Осы жиында әділетсіздіктен қажыған Әбіл ішіндегі өксігін арақпен басып отырып, Совет заманында болған кәмпескелеу саясатына налиды.

– Егер сол малды тартып алмағанда мына мен қандай болып жүрер едім. Дәл мұндай қойшы болмас едім. Мыналардан артық болмасам, кем болмайтын едім. Бірақ мыналарға қарап, қаным қараяды. Кеше бұлар кім еді? Мыналардың атасы кім еді, менің атам кім еді? «Керуен кері айналса, ақсақ түйе алдыға шығады» дейді. Қазір бұлар кім, мен кіммін?, – дейді Әбіл.

Осы көріністер арқылы фильм авторларының дәуір бейнесін көрсеткісі келгені байқалады. Қарапайым халықтың мал-мүлкі талан-таражға түсіп жатса да, сол кездегі биліктің айтқанына сенуге, айдағанына жүруге мәжбүр болғанын ашық көрсетеді.

Тағы бір сахнада қонақтан үйіне оралған Әбіл:

– Біз азбыз ғой, біз азбыз ғой, – деп ұйқыға кетеді.

Фильмде Нұржан Бексұлтанованың кейіпкері жылаған немересін “Әне, орыс келе жатыр” деп қорқытып, жұбатады. Бұл сол заманның ғана емес, ипмерияға бодан болған халықтың отаршылдыққа деген үрейі мен қарсылығы іспеттес әсер қалдырады. 

Актер Тұңғышбай Жаманқұлов осы фильмнен кейін көрермен Қазақстан қандай дүниесінен айырылғанын ұғынады дейді. Оның сөзінше, «Әбіл» фильмі ешқандай пафос қосылмаған, шынайы фильм.

– Фильм біткеннен кейінгі үнсіздік, өте көп нәрсені айтып тұр. Бұл шығарма жәй шығарма емес. Бұл – біздің қазақтың мемлекет ретінде өлгенінің жоқтау фильмі. Бәлен-түген деп, көсемсіп, көстеңдеп сөйлеудің қажеті жоқ. Осы фильмнен кейін біздің не болғанымыздың, қандай нәрселерімізді жоғалтқанымызды көзі қарақты көрермен ұғады ғой деп ойлаймын… Бұл – ашынған, ашулы фильм, шынайы фильм. Өтіріктер қосып, әдемілеп, анау жақсы, мынау жақсы, керемет болып жатырмыз деген, бөспеки сөздерге, бөспеки көңіл-күйге айтылған жауап. Ащы жауап, шынайы жауап. Оған кімнің кінәлі екенін іздеп қажеті жоқ. Барлығын айтып тұр фильмде, – дейді ол.

Тұңғышбай Жаманқұловтың сөзінше, «Әбіл» фильмі бір ғана кезеңнің келбетін көрсеткен көркем фильм ғана емес, тұтас бір дәуірді көрсетуге тырысқан туынды.

– Мінезден, жігіттіктен, кісіліктен, қазақтықтан айырылып қалған кезеңде екеніміз рас. Сондықтан бұл жерде біздің өткенімізді, тарихымызды көрсетіп тұрған көркем дүние емес, бұл – көз жасты төгетін дүние. Өкіндіретін дүние, опындыратын дүние. Не болдық біз? Қандай едік, қандай болдық? Не басымызға күн туды? деген үлкен-үлкен кезеңдік, эпохалдық сұрақ қойылған фильм деп есептеймін. Айта берсең сөз көп, ішіміз толған у мен өрт, – дейді актер.

«Әбіл» фильміндегі көрсетілген тағы бір линия – сол замандағы ұрпақтар арасындағы қайшылық. Әке мен бала арасындағы қарым-қатынас, болашақ бағдарынан айырылып қалған жастар мен жаңа заманға бейімделе алмай қалған егде буынның өмірі.

Фильмде 90-шы жылдары бағытынан адасып қалған жастардың бейнесі Әбілдің үлкен ұлы, атасы мен әжесінің қолында өскен Төкен арқылы көрсетілген. Қаладағы оқуынан шығып кеткен Төкен достарымен бірге әкесі мен шешесінен мал сұрап келеді. Бірақ Әбіл оған оны бермейді. Осыдан соң ол өз үйінен өзі мал ұрламақ болады. Бірақ онысынан түк шықпайды. Сол күйі үйіне келмей кетеді. Ақырында жол апатынан қайтыс болғаны туралы хабар жетеді...

– Біз әлі ояна алмай жатырмыз, ол рас. Көп жерде көктемде ажыраған селдей бағыт-бағдарымызбен де кейде шаруамыз жоқ. Біз өнердің алдында ғана ес жиятын сияқтымыз. Тәубеге келетін сияқтымыз. Былай шыққаннан кейін бізді тану қиын... Бұл жерден кәсіби киногерлер кәсібилігін іздер. Кәсіби актерлардың ойынын іздер. Кәсіби оператордың жұмысын іздер. Бірақ бұның барлығы кәдімгі бір болып жатқан дүние сияқты. Әр қайсымыздың басымыздан өтіп жатқан оқиға сияқты. Бара-бара бұған өзің де, көзің де үйренеді. Бірақ ар жағында айтылған ой, көтерілген мәселе бәлкім кешеуілдеп қалды ма бұл проблема? Бірақ ол біздің қоғамда бар дүние, – дейді актер Досқан Жолжақсынов.

Фильм соңында басты кейіпкер Әбіл бала-шағасымен бірге үлкен ұлын жерлеу үшін ауылға кетіп бара жатады. Малы мен мүлкі иесіз, өзге біреудің қарауында қалады. Ауыл шенеуніктері оны сыртынан саудалап жатады.

Фильм шорт үзіліп, мағынасыз аяқталғандай әсер қалдырады. Сіркіреген жауын, малмандай су болған мал-мүлік, еңсеңді басатын езілген батпақ пен түнерген аспан. Бұл –фильмнің соңғы кадры. Басты кейіпкердің тағдыры әрі қарай қалай өрбігенін режиссер көрерменнің талқысына қалдырған тәрізді...

Режиссер Елзат Ескендірдің өзі өнер субьективті дүние болғанымен, ол қоғамның үні болуы тиіс дейді. Сөзінше, фильмі арқылы сол үдеден шығуға тырысқан.

– Мен фильмімді өзім талқылап беруге пейілді емеспін. Көрермен үшін түсірдім. Көрермен түрлі қабаттарын ашуға тиіс, егер ашуы керек болса. Өнер мүмкіндік беруі керек қой, көркемдік тұрғыдан және техникалық сапалық тұрғысынан. Сол үдеден шығуға тырыстым. Егер сол үдеден шыға алсам құба-құп деп ойлаймын. Өнер – әрқашан қоғамның үні болуы керек. Өнердің ең басты міндеті – қоғамның әділ әрі обьективті үні болу. Әрине өнер субьективті дүние, бірақ қалай болғанда да автордың деңгейі, автордың көзқарасы, шеберлігіне қатысты ол барынша обьективті болуы керек. Соны бағалау керек. Сол арқылы түрлі қоғам өкілдері арасында көпір болу керек. Ең бастысы – адамның жаны ғой. Сол қоғамда өмір сүріп жатқан адамның жаны. Оны көрсету керек. Біз сол арқылы тілдесуіміз керек. Ол бізде бүгін – экран. Сол арқылы мүмкін біз бір-бірімізді сәл де болса азырақ айыптармыз. Сол кезде мүмкін біз бір-бірімізді азырақ кінәлармыз. Өйткені бұл бізге адамның жанын түсіндіру. Адам жаман болса, неге жаман болды? Жақсы болса, неге жақсы болды? Соған барынша ұмтылғымыз келеді. Еуропада да өнер осындай ғой. Сондықтан өнер тек ұлы адамдарға ғана тән емес. Ол қарапайым адамдарға да тән. Қазақстан өнері осы бағытқа бұрылуы керек. Әсіресе кино. Идеологиядан азат болсын дегеніміздің түбінде осы жатыр ғой, – дейді ол.

Режиссердің сөзінше, фильмді әу баста мәдениет және ақпарат министрлігі мен ұлттық киноны қолдау орталығы қаржыландырған. Алайда кейіннен қосымша қаржы жұмсалған. «Әбіл» фильмі 25 маусымнан бастап Қазақстан кинотеатрларынан көрсетіле бастады.