Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесіндегі бірқатар тағайындау және қызметтен босатулар туралы жарлыққа қол қойды. Кадрлық өзгерістер Қазақстан бойынша ондаған судья мен сот басшысын қамтыды. Бірнеше судья Сот жюриінің шешімімен, тағы екі адам оларға қатысты айыптау үкімдері заңды күшіне енгеннен кейін қызметінен айырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жаңа тағайындаулар
Жарлықпен екі жаңа сот төрағасы тағайындалды. Айгүл Сәдуақасова Абай облысы Жарма аудандық сотының төрағасы болды. Шолпан Нақыпова Қостанай облысы Рудный қалалық сотының төрағасы қызметіне тағайындалды.
Тағы 21 адам Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен өңірлердегі судья қызметіне тағайындалды. Ең көп тағайындау Астанаға тиесілі – бес адам.
Алматыда мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының судьясы болып Әсет Ақшолақов тағайындалды.
Сондай-ақ Абай, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жетісу, Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында жаңа судьялар тағайындалды.
Тек отставка емес
Қызметінен босатылғандардың қатарында отставкаға шыққан немесе өз еркімен кеткен, сондай-ақ өкілет мерзімі аяқталған судьялар бар.
Алайда назар аударарлық шешімдер де болды.
Ұлытау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Қанат Шайқамалов тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін қызметінен және судья өкілетінен айырылды.
Осы себеппен Ордабасы аудандық сотының төрағасы Айжан Сатыбалдиеваның да судьялық өкілеті тоқтатылды.
Алматы Алатау аудандық сотының судьясы Дәурен Айқұлов та Сот жюриінің шешімімен қызметінен босатылды.
Тағы екі шешім қылмыстық істерге байланысты қабылданған.
Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Бекбол Баймаханов пен Петропавл қаласы №2 сотының төрағасы Ерлан Ибраев оларға қатысты айыптау үкімдері заңды күшіне енгеннен кейін қызметтерінен босатылды.
Тағайындаулар мен қызметтен босатулардың толық тізімін осы жерден көруге болады.