Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қазақстандық делегацияның Еуропаға жасаған екі күндік сапарының нәтижесін жоғары бағалады. Ulysmedia.kz-ке берген сұхбатында ол сапар барысында қол жеткізілген негізгі келісімдерге тоқталды.
ЕУРООДАҚ ЕЛДЕРІМЕН АЛЫС-БЕРІС
Министр Қазақстанның сауда серіктестері арасында тауар айналымы жөнінен Еуроодақ елдері көш бастап тұрғанын мәлімдеді. Бүгінде еліміздің Еуропа мемлекеттерімен алыс-берісі 45 млрд долларға жеткен.
«Қазіргі кезеңде Қазақстан үшін тұрақтылық өте маңызды. Әр тәуекел бағаның өсуіне әсер етеді. Сондықтан Еуропамен тұрақты әрі нақты қарым-қатынас ішкі нарыққа, инфляцияға және экономиканың өсуіне оң ықпал етеді. Осындай сапарлар өте маңызды. Қазақстанның ең үлкен сауда серіктестері – Еуропа одағы, Ресей және Қытаймен байыпты байланыстың мәні зор», – деді Жұманғарин.
ЕЛ ҮШІН МАҢЫЗДЫ КЕЛІСІМ
Вице-премьердің сөзінше, Қазақстан президентінің Брюссельге сапары аясында еліміз үшін маңызды инвестициялық келісімдерге қол жеткізілген. Соның бірі – еуропалық компанияның Каспий теңізінде кеме жасау жобасы.
«Бұл – 30 жыл күткен инвестиция. Компания Қазақстанға 100 млн доллар салуға дайын екенін нақты айтты. Біз үшін бұл өте қажет жоба, өйткені кемелерді сырттан жалдап келеміз. Былтыр бір кемені Волга-Дон арқылы әкелгенде қаншама машақат болды», – деді министр.
Сондай-ақ тағы бір еуропалық компания Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасын шығаруға ниетті. Жұманғариннің айтуынша, Еуропаның ірі компанияларының Қазақстанға қызығушылығы артып келеді.
Министр ел делегациясының мұндай маңызды сапарларына дайындық ұзаққа созылатынын әрі тыңғылықты жүргізілетінін айтты.
«Мұндай сапарларға дайындалу үшін үлкен топ жұмыс істейді. Дипломаттардан бастап талдаушыларға дейін тартылады. Олар кездесулерді ұйымдастырады. Мәселен, бүгінгі бизнес форумға қатысқан адамдарды таңдау оңай жұмыс емес», – деді Серік Жұманғарин.
КОНТЕКСТ
Айта кетейік, бұдан бұрын Бельгияда Air Astana мен Airbus компаниясы арасында 50 жаңа ұшақ сатып алу туралы келісімге қол қойылған. «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың айтуынша, ұшақтарды жеткізу 2031 жылдан басталады. Мәміленің жалпы құны шамамен 8,3 млрд еуроны құрайды.
Сондай-ақ, Брюссельде қазақстандық ғылымның дамуына серпін беретін бірқатар келісімдер жасалды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, Қазақстан әлемдегі ең ірі ғылыми бағдарламалардың бірі – Horizon Europe-қа қосылды. Бұл – бюджеті 200 млрд еуроны құрайтын бағдарлама. Соның арқасында біздің ғылыми-зерттеу орталықтарымызға, университеттерімізге және ғалымдарымызға жаңа мүмкіндіктер ашылады. Ең бастысы – Еуропаның ең мықты ғылыми орталықтары мен институттарының тәжірибесін тікелей игеруге жол ашылмақ.
Президенттің көмекшісі Нұрлан Байбазровтың айтуынша, мемлекет басшысының Брюссельге сапары барысында жалпы құны 12 млрд АҚШ долларынан асатын инвестициялық жобаларға қол қойылды.