Бүгінде блогер ретінде танымал Әлия Әшім еңбек жолын тележурналистикадан бастаған. Ол алдымен «Астана» телеарнасында тілші, кейін «Қазақстан» арнасының «Мәселе» жобасында және «31 арнаның» елордадағы тілшілер қосынында жұмыс істеді. Осы жылдары Парламент пен Үкімет үйінен тұрақты ақпарат таратты. АҚШ-та білім алып келген соң, блог жүргізуге көшті. Кәсіби мереке қарсаңында Әлия Ulysmedia.kz жолдаған сұрақтарға жауап бере отырып, саяси науқан форматы және журналистиканың бүгінгі жай-күйі туралы ой бөлісті.
- Әлия, Астанда «паркетте» (Парламент(Мәжіліс, Сенат), Үкімет үйі - ред.) жұмыс істеген жылдары сені таңқалдырған нәрсе не болды?
- Паркетте жұмыс істеген жылдары аса таңғалдырған дүние болған жоқ. Біз бәрін солай болуы тиіс деп қабылдадық. Кейде контексті түсінбей, парламентке немесе үкіметке топ ете түсетінбіз. Жас болдық, не заң қабылданып жатқанын түсінбей, дайындықсыз баратынбыз. Қазақша амандасып, қазақша қоштасатындары болмаса, баяндаманың маңызды тұстарының бәрі орысша оқылатын. Сол кезде қиналатынмын. Өзімді көбіне аудармашы сезінетінмін.

Әлия Әшімнің жеке архивінен
Сайттардың журналистері бізден бұрын лентаға беріп қоятын, солардың жазғанын ала салған кездеріміз де болды. Сондықтан кейде өзімді онда керек адам сезінбейтінмін. «Бізге берілгенді аударумен шектелсем, не үшін барам?» деген ой туатын.
- Сторизіңде батыс елдерінде болып жатқан саяси науқандарды талдап жазып жүресің, қызық детальдарды бөлісессің. Сайлау, түрлі саяси науқан бізде неге қызықты өтпейді деп ойлайсың? Креатив жоқ па? Әлде политтехнологтар жетпей ме, әлде электоратты бағаламай ма?
- Сайлау неге қызықты өтпейді дегенге келсек, АҚШ-тағы сайлаудың соншама шоу сияқты өтуі – аудиторияны жаулау, терең тақырыптарды анализдей бермейтін адамдардың назарын аудару. Қандай кезде мұндай талас басталады? Шын бәсекелестік болған кезде шығар. Кем дегенде екі тараптың – демократтар мен республикалықтар бір абсолютті шындығы бар топ дей алмайсың, әрқайсының өз үгіт-насихаты бар. Бірақ әйтеуір кемінде екі тарап таласқанда назар үшін бәсеке де туады. Түрлі технологиялар қолданылады. Менің ойымша, біздің саяси технологтарда креативтілік төмен немесе сайлаушыларды менсінбейді деп айтуға болмайды. Бізде табиғи сұраныс жоқ сияқты бұл процеске.
Мұның теріс тұсы да бар. Өйткені brainwashing-нің, манипуляцияның түр-түрі қолданылады. Трамп пен Клинтон бәсекеге түскенде Хилариді кәдімгідей фактчек жасай алмайтын ортаға апарып қаралаған болатын. Ақ екеніңді дәлелдеген күннің өзінде, мәселенің анық-қанығына бойламайтын топ үшін сен бәрібір күйе жағылған күйі қаласың. «Нетфликсте» Трамптың қандай қитұрқылықтарға барғаны жайлы деректі фильм бар, сонда бәрі көрсетілген.
- Журналистикаға қайтып оралуың мүмкін бе, қандай жағдайда?
- Журналистика – өте қиын сала. Журналист 24/7 байланыста болуы, ақпараттың ағынында жүруі, үнемі жаңа технологияларды игеруі тиіс. Ашық дереккөздерден ақпарат жинап, зерттеумен айналысу 5 жыл бұрын мүлдем басқа деңгейде болатын. Қазір жасанды интеллектінің, жаңа технологиялардың дамуымен ақпаратты тексеру, тарату бәсекелес болу жаңа деңгейге шықты. Оны қолдана алатын, басқара алатын адам ғана журналист болуы керек. Ондай мүмкіндік жоқ экожүйеде жұмыс істеу маған сәл қызықсыздау сияқты. Өйткені бір ақпаратты өңін айналдырып, бірнеше рет қайталап берудің мәні жоқ.

Әлия Әшімнің жеке архивінен
Маған үздіксіз өсуге мүмкіндік беріп тұрған – қазіргі ісім. Журналистика әзірге мұны бере алмай тұр. Бұл менің жеке пікірім, бәлкім өз қателігім болар. Оның үстіне, қазір үнемі тонуста болу, ырғақты жоғалтпау қолымнан келмейтін сияқты. Мұның бәрі өте көп ресурсты талап етеді. Журналистердің жанкүйерімін, олар өссе, тың дүниелер жасаса, қуанам.
- Редакция сұрақтарына жауап беру үшін уақыт бөлгеніңе рақмет! Кәсіби мерекеңмен!