×
486.47
554.77
6.26
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
486.47
554.77
6.26

Өзбекстанда Гүлнара Кәрімованың қайтарылған активтері қайда кеткені белгілі болды

Бүгін, 10:09
Өзбекстанда Гүлнара Кәрімованың қайтарылған активтері қайда кеткені белгілі болды
Фото: Ашық дереккөзден

Өзбекстан билігі экс-президент Ислам Кәрімовтің үлкен қызы Гүлнара Кәрімовадан қайтарылған активтердің қайда жұмсалғаны туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.

Толығырақ

Өзбекстан экономика және қаржы министрлігінің мәліметінше, Гүлнара Кәрімовадан қайтарылған 43,5 миллион АҚШ доллары ана мен бала өлімін азайтуға бағытталған жобаға жұмсалған.

Атап айтқанда, ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесін дамытуға, перинаталдық орталықтарда көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсартуға, сондай-ақ емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңартып, заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуге бағытталған.

2022 жылы Өзбекстан мен Швейцария билігі Гүлнара Каримоваға тиесілі 131 миллион АҚШ доллары көлеміндегі активтерді қайтару туралы келісімге қол қойған.

Қаражатты қайтару Біріккен Ұлттар Ұйымы қамқорлығымен құрылған арнайы траст қоры арқылы жүзеге асырылып жатыр. Халықаралық ұйымдар мен Өзбекстан тарапының бірлескен жобалары осы қаржы арқылы жүзеге асырылуда.

Контекст

Гүлнара Кәрімова 2015 жылы бопсалау және салық төлеуден жалтару баптары бойынша сотталған. Кейін «қылмыстық топ құрды, бопсалаумен айналысты және ірі көлемде қаржы жымқырды» деген жаңа қылмыстық іс аясында оның жаза мерзімі 13 жыл 4 айға дейін ұзартылды.

Өзбекстан бас прокуратурасының мәліметінше, АҚШ, Швейцария және Франция сияқты бірқатар мемлекетпен бірлесіп, Каримоваға тиесілі 1,3 миллиард АҚШ долларынан астам активті қайтару бойынша жұмыстар әлі де жалғасып жатыр.