Алматы облысында полиция қызметкері Аслан Әлсеровтің өліміне қатысты іс бойынша күдікке ілінген кәмелетке толмағандарға қатысты бұлтартпау шарасы таңдалды. Сот шешімімен олар үйқамаққа алынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Жасөспірімдердің адвокаттары Гауһар Сарыева мен Динара Шәмшекованың айтуынша, Кеген аудандық сотының тергеу судьясы күдіктілерді тергеу изоляторына қамаудан бас тартып, оларға үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын қолданған.
Жақын күндері оларға электронды білезік тағылып, бейнебақылау жүйесі орнатылады.
Адвокаттардың сөзінше, сот отырысы барысында қорғау тарапы тергеу аясында мұқият тексерілуге тиіс жайттарға назар аударған.
– Балалардың ұзақ жылдар бойы жүйелі түрде зорлық-зомбылық пен қатыгездік жағдайында өмір сүрген болуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Олар тек куәгер емес, өздері де сондай әрекеттердің құрбаны болған болуы ықтимал. Біз мұны дәлелденген факт ретінде айтып отырған жоқпыз, сондықтан бұл деректердің барлығы тергеу барысында жан-жақты тексерілуі қажет, – деді адвокаттар.
ОҚИҒА ҚАЛАЙ БОЛЫП ЕДІ?
Еске салайық, 23 маусымда Алматы облысының Кеген ауданында 37 жастағы полицияның аға жедел уәкілі Аслан Әлсеровтің өртенген мәйіті табылған болатын.
Кісі өлтірді деген күдікпен марқұмның жұбайы, ұлы және тағы бір жасөспірім ұсталды. Тергеу мәліметінше, қылмыс Алматыдағы отбасының пәтерінде жасалған. Кейін мәйіт Кеген ауданына жеткізіліп, қылмыстың ізін жасыру мақсатында өртелмек болған.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.