×
$
451.05
€
504.95
₽
5.6
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
451.05
€
504.95
₽
5.6

Марко Рубио Қазақстанмен байланыс туралы мәлімдеме жасады

Бүгін, 12:46
Марко Рубио Қазақстанмен байланыс туралы мәлімдеме жасады
Ulysmedia коллажы

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Қазақстанды Республика күнімен құттықтап, екі ел арасындағы қарым-қатынас тарихтағы ең жоғары деңгейге жеткенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол Астананың халықаралық дипломатиядағы рөлін және Дональд Трамптың бейбіт бастамаларын қолдағанын атап өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Вашингтон Қазақстанмен байланысты одан әрі нығайтуды көздейді

Марко Рубионың құттықтауын АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі жариялады. Мемлекеттік хатшы екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 35 жыл толғанын еске салды. Оның айтуынша, Астана мен Вашингтон өңірлік қауіпсіздік, экономика және бизнес салаларында ынтымақтастықты жалғастырып келеді.

Марко Рубио АҚШ-тың Қазақстанмен серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін де аңғартты.

– Қазақстанның дипломатиядағы жетекші рөлін және президент Трамптың бейбіт бастамаларын белсенді қолдауын жоғары бағалаймыз. Келесі жылы Қазақстанмен екіжақты қарым-қатынас аясында да, C5+1 форматы шеңберіндегі бірлескен жұмыс арқылы да серіктестігімізді одан әрі нығайтуды көздеп отырмыз, – делінген Мемлекеттік хатшының мәлімдемесінде.

C5+1 форматына АҚШ пен Орталық Азияның бес елі – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан кіреді.

Тоқаев шетелдік көшбасшыларға алғыс айтты

25 қазанда Қазақстан Республика күнін атап өтті. Осыған орай Қасым-Жомарт Тоқаевқа АҚШ, Ресей, Қытай, Түркия, Франция және Ұлыбританияны қоса алғанда, ондаған мемлекеттің басшылары құттықтау жолдады.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Рим Папасы XIV Лев және халықаралық ұйымдардың өкілдері де құттықтауларын жеткізді.

26 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға көрсеткен ықыласы үшін шетелдік көшбасшыларға алғыс айтты. Ол олардың ізгі тілектерін ел халқы ризашылықпен қабылдағанын жазды.