×
479.26
546.21
6.13
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
479.26
546.21
6.13

ІІМ Ербаян Мұхтар ісінің жай-жапсарын ашпай отыр

Бүгін, 13:20
ІІМ Ербаян Мұхтар ісінің жай-жапсарын ашпай отыр
Ulysmedia коллажы

Әскерде ауыр жарақат алған Ербаян Мұхтарға қатысты оқиғадан бері 2,5 жылдан астам уақыт өтсе де, Ішкі істер министрлігі іске қатысты күдіктілері бар-жоғын, тергеудің қашан аяқталатынын және мемлекет әскери қызметші мен оның отбасына қандай көмек көрсеткенін әлі күнге дейін жариялаған жоқ. Ulysmedia.kz редакциясының ресми сауалына ведомство бір ғана сөйлеммен жауап берді.

БІР ҒАНА СҰРАҚҚА ЖАУАП БЕРДІ

Редакция тергеудің қай сатыда екенін, іс бойынша күдіктілер анықталған-анықталмағанын, материалдардың сотқа жолданған-жолданбағанын, Ербаян мен оның отбасына мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетілгенін, сондай-ақ ол қайтыс болғаннан кейін қандай төлемдер қарастырылғанын сұрады.

Алайда Ішкі істер министрлігі төмендегідей қысқа жауаппен шектелді:

– Қазақстан Республикасы ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы әскери қызметшінің дене жарақатын алу мән-жайын тергеуді жалғастырып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді, – делінген жауапта.

КОНТЕКСТ

Ербаян Мұхтар Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Алматыдағы 5571 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін өткерген.

2023 жылдың желтоқсанында ол ауыр бас-ми жарақатын алды. Ресми нұсқа бойынша, сарбаз дәретханада құлап, басын кафельге соғып алған. Алайда оның отбасы әуеліден-ақ Ербаянның аяусыз соққыға жығылғанын айтып келеді.

Сарбаз алты айға жуық комада жатты. Қазақстандықтар оның емі мен оңалтуына, соның ішінде Түркияда емделуіне шамамен 230 млн теңге жинап берген.

2026 жылғы 23 маусымда Ербаян Мұхтар көз жұмды. Оның отбасы дәрігерлерді салғырттық танытты деп айыптады. 

26 маусымда Астана жұрты Ербаян Мұхтарды ақтық сапарға шығарып салды.

Ауыр жарақат алғанына екі жарым жылдан астам уақыт өтсе де, іс бойынша тергеу әлі аяқталған жоқ. ІІМ осы күнге дейін күдіктілердің бар-жоғын, істің сотқа қашан жолданатынын және тергеудің нақты қай кезеңде екенін жарияламай отыр.