Қазақстан мен Еуропалық одақ арасында визалық режимді жеңілдету мәселесі ЕО елдерінде босқын мәртебесі берілмеген мигранттарды Қазақстанға жіберу жөніндегі келісіммен байланысты болуы мүмкін деген ақпарат тараған еді. Осы мәселеге қатысты Ulysmedia.kz тілшісі Еуропалық одақтың Қазақстандағы елшісі Алешка Симкичтің пікірін білді.
МӘН-ЖАЙ
Елшінің айтуынша, Қазақстанды мигранттарды қабылдайтын үшінші елге айналдыру жөнінде Еуроодақ тарапынан ешқандай келіссөз жүргізіліп жатқан жоқ. Сондай-ақ ол Қазақстанда мигранттар лагерлері ашылады деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты.
Алешка Симкичтің айтуынша, мұндай қауесеттердің таралуына Еуроодақтың жаңа көші-қон пактіне енгізілген өзгерістер себеп болған. Құжатқа сәйкес, ЕО-ға мүше елдер баспана беруден бас тартылған мигранттарды қабылдау туралы үшінші мемлекеттермен келісім жасай алады.
– Иә, мұндай мүмкіндік заң жүзінде қарастырылған, бірақ бұл ешқандай міндетті тетік емес. Ең бастысы, Қазақстанды мұндай ел ретінде ешкім қарастырып жатқан жоқ. Еуропалық одақ та, Еуропалық комиссия да Қазақстанмен немесе басқа мемлекеттермен мигранттарды қабылдайтын үшінші ел болу мәселесі бойынша келіссөз жүргізіп жатпағанын нақты айта аламын, – деді Алешка Симкич.
Оның сөзінше, болашақта мұндай келісімдер жасалса, оларды Еуропалық комиссия емес, ЕО-ға мүше мемлекеттердің өздері жасайды.
ҚАЗАҚСТАНДА МИГРАНТТАР ЛАГЕРІ АШЫЛА МА?
Елші Қазақстан аумағында мигранттарға арналған лагерьлер ашылады деген ақпаратты да жоққа шығарды.
– Мұндай шешім тек Қазақстанның өз еркімен қабылдануы мүмкін. Алайда, менің білуімше, қазір бұл мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ. Сондықтан «Қазақстанның бір жерінде босқындарға арналған лагерь ашылады» деген әңгімелердің еш негізі жоқ, – деді Алешка Симкич.
КОНТЕКСТ
Бұған дейін Politico басылымы Еуропалық одаққа мүше бірнеше елдің баспана берілмеген мигранттарды ЕО аумағынан тыс жерлерде орналасатын арнайы орталықтарға жіберу мүмкіндігін қарастырып жатқанын жазған еді.
Басылым мәліметінше, мұндай орталықтарды қабылдауы мүмкін елдердің қатарында Қазақстан мен Өзбекстанның да аты аталған. Есесіне бұл мемлекеттерге Еуропалық одақпен визалық режимді жеңілдету ұсынылуы мүмкін екені айтылған.
Алайда бұл ақпаратқа қатысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мұндай келіссөздердің жүргізілмей жатқанын мәлімдеп, қауесетті жоққа шығарған еді.