Қазақстандық боксшы, әлем және Азия чемпионы Теміртас Жүсіпов әйелін аяусыз ұрды деген күдікке ілінді. Бұл туралы зардап шеккен әйелдің әпкесі мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
– Көкшетау. Бұл істің қоғам назарына іліккенін қалаймын. Мен зардап шеккен әйелдің әпкесі ретінде жазып отырмын. 29 маусымнан 30 маусымға қараған түні немесе 1 шілде күні сіңлімді күйеуі – 1988 жылы туған Теміртас Берікұлы Жүсіпов аяусыз ұрып-соққан. Салдарынан ол ауыр жарақатпен ауруханаға түсті. Медициналық құжаттарда тұншығу, бастың ашық жарақаты, құрысу және ми ісінуі тіркелген. Ол ес-түссіз жатты, – деп жазды ол.
Зардап шеккен әйелдің отбасы тергеу барысына алаңдап отырғанын айтты. Олардың сөзінше, ер адам ұсталғаннан кейін шамамен бес сағаттан соң босатылған.
Әйелдің әпкесі спортшы бостандыққа шыққаннан кейін де әйеліне қоқан-лоқы көрсеткен дейді. Оның айтуынша, ол ажырасқан жағдайда өлтіремін деп қорқытқан, таныстары барын айтып, балаларды тартып алу үшін әйелін психикалық тұрғыдан сау емес етіп көрсетуге тырысатынын жеткізген.
Ақмола облысы полиция департаменті бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Полиция мәліметінше, 30 маусымда Көкшетау тұрғыны отбасылық жанжал кезінде әйелін ұрып-соққан.
Қазір құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр. Істің барлық мән-жайы тексеріліп, кейін олардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.
Теміртас Жүсіпов – Қазақстанның ең атақты боксшыларының бірі. Ол ел чемпионатын 8 рет жеңіп алған және 2018 жылы Қазақстанның үздік боксшысы атанған.
Оның басты жетістіктерінің қатарында Азия чемпионатындағы, Дүниежүзілік әскери ойындардағы, әскери қызметшілер арасындағы әлем чемпионатындағы жеңістері бар. Сондай-ақ, ол Astana Arlans құрамында World Series of Boxing чемпионы атанған.