×
472.03
540.29
6.11
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
472.03
540.29
6.11

Қазақстанда газды ысырап ететін кәсіпорындарға шектеу қойылуы мүмкін

Бүгін, 12:01
Қазақстанда газды ысырап ететін кәсіпорындарға шектеу қойылуы мүмкін
cotidianul.md

7 шілдеде Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов газ саласындағы тариф саясатын өзгертуді және тиімсіз кәсіпорындарға газды арзан бағамен беруді тоқтатуды тапсырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖАҢА ТАРИФТЕР

Премьер-министр газ саласындағы қолданыстағы баға белгілеу жүйесі саланың дамуына кедергі болмауы керегін айтты. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігі, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі және басқа да жауапты органдар екі ай ішінде жаңа тариф саясаты бойынша ұсыныстар әзірлеп, Үкіметке енгізуге тиіс.

Алайда бұл ретте әлеуметтік факторлар да ескерілуі керек. Халыққа арналған атаулы әлеуметтік қолдау шаралары сақталмақ.

– Елде тұтыну көлемі қарқынды өсіп жатқан жағдайда қолжетімді газ ең әуелі халықтың қажеттілігіне және жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға бағытталуға тиіс, – деді Үкімет басшысы.

Олжас Бектенов мәселе халық үшін газ бағасында емес, коммерциялық сектордағы газды тиімсіз пайдалануда екенін атап өтті.

Премьер-министр Энергетика министрлігі мен өңір әкімдіктеріне бір ай ішінде тауарлық газ қажет ететін жаңа өндірістер үшін энергия тиімділігі критерийлерін әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ ресурсты тиімсіз жұмсайтын кәсіпорындарға газ беруді тоқтатуды міндеттеді.

– Энергияны көп қажет ететін және тиімсіз өндірістерге ресурс беру тәжірибесін тоқтату қажет, – деді Бектенов.

ГАЗ КІМГЕ ҚАЖЕТ?

Қазақстанда газға деген сұраныс халық арасында да, өнеркәсіп кәсіпорындары тарапынан да тұрақты өсіп келеді. Сондықтан экономиканың қажеттілігі мен азаматтардың сұранысы арасында теңгерім сақтау маңызды.

Сонымен қатар жаңа өңдеу зауыттарын іске қосуға қажетті инфрақұрылым құру, инвестиция тарту және халықты қолжетімді газбен қамтамасыз ету міндеті тұр.

Премьер-министр сұйытылған мұнай газы нарығындағы жағдайға да ерекше назар аударды.

– Сұйытылған мұнай газына сұраныс жыл сайын артып келеді. Бұл отынды шикізат ретінде пайдаланатын өндірістердің дамуымен байланысты. Энергетика министрлігі «ҚазМұнайГаз» компаниясымен бірлесіп, бір ай ішінде сұйытылған мұнай газын өндіру көлемін арттыру бойынша нақты жоспар ұсынуы керек. Өңірлер арасында және өңірлер ішінде СМГ-ны бөлудің ашық механизмі қамтамасыз етілуі тиіс, – деді Үкімет басшысы.

Бұған дейін Энергетика министрлігі ірі коммерциялық тұтынушылар мен майнинг фермалары үшін тауарлық газ тарифін әзірге өзгертпейтіні хабарланған болатын.