×
$
458.28
€
501.45
₽
5.59
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
458.28
€
501.45
₽
5.59

Haileybury Astana мектебі балалар қауіпсіздігі мәселесіне арналған конференцияда 100-ден астам сарапшының басын қосты

Бүгін, 10:00
Haileybury Astana мектебі балалар қауіпсіздігі мәселесіне арналған конференцияда 100-ден астам сарапшының басын қосты
Haileybury Astana

2026 жылғы 21 қарашада Haileybury Astana мектебінде «Балалардың қауіпсіздігі: халықаралық тәжірибемен алмасу және қауіпсіздікті қамтамасыз етудің озық тәжірибелерін Қазақстанның білім беру жүйесіне бейімдеу» тақырыбында конференция өтті.

Жиында бас қосқан 100-ден астам білім беру саласының өкілдері қатарында мемлекеттік және жекеменшік білім беру мекемелері, халықаралық мектептердің басшылары мен педагогтері, сондай-ақ балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы сарапшылар мен мамандар бар. Конференцияға Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қатысты. Министрдің іс-шараға қатысуы балаларды қорғау мәселесінің өзектілігі мен оның еліміздің білім беру жүйесі үшін айрықша маңызға ие екенін көрсетті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2026 жылғы 29 қаңтарда Үкімет 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын қабылдады. Құжат балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сапалы білім алуына жағдай жасау, денсаулығын сақтау және әлеуметтік қорғау мәселелерін қамтиды. Меншік нысанына қарамастан, әр мектептің басшылығы мен педагогтері балаға көмек қажет екенін дер кезінде байқап, қалай әрекет ету керегін білуі тиіс. Балаларымыз қандай жағдай болса да, кімге жүгіне алатынын біліп, қажет кезде көмек алатынына сенімді болуы керек», – деді Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.

Конференцияға қатысушылар балаға қатысты ықтимал қолайсыз жағдайлардың алғашқы белгілерін анықтау және алаңдатарлық жайттарға дер кезінде ден қоюдан бастап, білім беру ұйымдарында балаларды қорғаудың тиімді ішкі тетіктерін қалыптастыру мен қауіпсіз мектеп ортасын құруға дейінгі өзекті мәселелерді кеңінен талқылады.

«Балаларды қорғау – бұл жай ғана ережелер мен міндетті рәсімдердің жиынтығы емес. Бұл – ортақ жауапкершілік, кәсіби мәдениет және баланың өміріне араласатын әрбір ересек адамның күнделікті атқаратын жұмысы. Конференциямыздың негізгі идеясы да осы болды. Біз ашық диалог құру, тәжірибе алмасу мен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің озық халықаралық тәжірибелерін Қазақстанның білім беру жүйесіне қалай бейімдеуге болатынын талқылауға мүмкіндік беретін алаң қалыптастыруды көздедік», – деді Haileybury Astana мектебінің директоры Джон Коулз.

Конференция бағдарламасы сарапшылардың баяндамалары, тақырыптық таныстырылымдар мен білім беру ұйымдарында балаларды қорғаудың негізгі бағыттарына арналған төрт практикалық семинарды да қамтыды. Практикалық семинарлар барысында қатысушылар халықаралық әдістермен танысып, нақты жағдайларды талқылады, кәсіби бақылауларымен бөлісіп, пікір алмасып, қазақстандық мектептердің күнделікті жұмысында қолдануға болатын тиімді құралдарды қарастырды. Қызметкерлерді іріктеу  мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар үміткерлердің кәсіби тәжірибесі мен еңбек жолын тексеру, ықтимал тәуекелдерді түсіну мен қызметкерлер командасын жасақтауға жауапкершілікпен қараудың маңыздылығын да талқыға салды.

Пікіралмасының тағы бір маңызды бағыты инклюзия мәселесіне арналды. Атап айтқанда, аутизм спектрінің бұзылысы (АСБ) бар балаларды қоса алғанда, нейро ерекшеліктері бар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де қарастырылды.

«Нейро ерекшеліктері бар, соның ішінде аутизм спектрінің бұзылысы (АСБ) бар балаларға қатысты ықтимал қауіп-қатерді алдын ала ескеріп, оларға қандай қолдау қажет екенін түсіну маңызды. Сондықтан мектептердің ата-аналармен дұрыс қарым-қатынас орнатуы, ал педагогтер АСБ бар баланың ерекшеліктерін анықтап, түрлі жағдайда қалай әрекет ету керектігін түсінуі қажет. Өйткені аутизмі бар балалардың қатардағы нейротиптік балалардан ерекшелігі өздері тап болған қауіп-қатер немесе мазасыздық тудыратын жағдай туралы мұғалімге не ата-анасына уақытылы жеткізе алмауы ықтималдығында. Мұндай тәсіл оқыс оқиғаларға әрекет етіп қана қоймай, олардың алдын алуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Болат Өтемұратов Қорының бас директоры Айнұр Кәрібозова.

Бұл мәселелерді талқылау Haileybury Astana мектебінің білім беру ортасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ұстанымның мейлінше кеңдігін көрсетеді. Конференцияны өткізу мектеп үшін өз тәжірибесімен бөлісіп қана қоймай, Қазақстанның білім беру қауымдастығының дамуына өзінің үлесін қосуына берілген мүмкіндік болды.

«Британдық білім берудің жоғары стандарттары мен балаларды қорғау жөніндегі халықаралық талаптарға сәйкес жұмыс істейтін халықаралық мектеп ретінде Haileybury Astana мектебі өз миссиясын тек өз оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етумен шектемейді. Біз жинақтаған білім, тәжірибеміз және тиімді тәсілдерімізбен бөлісуді де өз міндетіміз деп санаймыз», – деп түйіндеді Haileybury Astana мектебінің директоры Джон Коулз.

Балаларды қорғаудың халықаралық стандарттары күнделікті мектеп тәжірибесіне енгізіліп, жергілікті ерекшеліктер ескерілген және нақты қорғаныс тетіктерін қалыптастыруға ықпал еткен жағдайда ғана шынайы мәнге ие болады. Сондықтан кәсіби ортадағы ашық диалог, мектептер арасындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуда маңызды рөл атқарады. Haileybury Astana өкілдері бұл конференция алдағы уақытта жаңа, жыл сайын өткізілетін кәсіби дәстүрге айналып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында ортақ мақсатқа жұмылған мамандардың тұрақты қауымдастығын қалыптастыруға ықпал етеді деп үміттенеді.

 

​

Сізге қызық болуы мүмкін