×
471.04
538.54
6.17
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
471.04
538.54
6.17

Қазақстан терминал салуды көздеген Иран порты маңына АҚШ соққы жасады

Бүгін, 12:00
Қазақстан терминал салуды көздеген Иран порты маңына АҚШ соққы жасады
© Nano Banana

АҚШ пен Иран арасындағы бітім тағы бұзылды. Ормуз бұғазы арқылы өткен үш коммерциялық кеме шабуылға ұшырағаннан кейін америкалық әскерилер Ирандағы бірнеше нысанға қайта соққы жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

АҚШ Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) мәліметінше, шабуыл барысында 80-нен астам нысанаға соққы жасалған. Олардың қатарында әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері, радиолокациялық станциялар, басқару пункттері, кемеге қарсы зымыран кешендері, ұшқышсыз аппараттарды ұшыру қондырғылары және Ислам революциясы сақшылар корпусының ондаған шағын катері бар.

АҚШ әскери қолбасшылығы бұл операцияны азаматтық кеме қатынасына жасалған шабуылдарға жауап деп атады.

– АҚШ Орталық қолбасшылығы Иранның коммерциялық кемелерге және бейбіт тұрғындардан құралған экипаждарға жасаған шабуылдары үшін оған ауыр зардап келтіру мақсатында ауқымды соққылар сериясын бастады. Бұл шабуылдар Ормуз бұғазы арқылы өткен үш коммерциялық кемеге Иран жасаған шабуылдарға жауап болды, – делінген CENTCOM мәлімдемесінде.

Reuters, Axios және CNN агенттіктерінің мәліметінше, қазіргі операция маусым айындағы шабуылдардан бірнеше есе ауқымды болған. АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеуніктерінің бірі оны «тез аяқталмайтын жаза» деп сипаттады.

ИРАН ЖАУАП БЕРУГЕ УӘДЕ ЕТТІ

Иран Қарулы күштері орталық штабы «күйретуші жауап» болатынын ескертіп, АҚШ-тың Ормуз бұғазын бақылауға араласуына жол бермейтінін мәлімдеді.

Иранның мемлекеттік БАҚ-тары Харг және Кешм аралдарында, сондай-ақ Бендер-Аббас пен Сирик порт қалаларында жарылыстар болғанын хабарлады. Press TV телеарнасының мәліметінше, елдің оңтүстігінде зардап шеккендер бар.

Сонымен қатар АҚШ Қаржы министрлігі Иран мұнайына қатысты кейбір операцияларды жүргізуге мүмкіндік берген лицензияның күшін жойды. Жаңа шектеулер жаңа келісімдер жасауға тыйым салып, қолданыстағы келісімшарттарды аяқтауды талап етеді.

Осы жағдай аясында Brent маркалы мұнайдың бағасы бір барреліне 76 доллардан асты.

Ал 8 шілде күні таңертең Бахрейнде бірнеше жарылыс болып, ел билігі әуе дабылын жариялады.

ЭСКАЛАЦИЯ ҚАЗАҚСТАН МҮДДЕСІНЕ ДЕ ӘСЕР ЕТУІ МҮМКІН

Әскери шиеленіс Қазақстан Иранмен көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты күшейтіп жатқан кезеңде болды.

Маусым айында Астана мен Тегеран «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін дамытуды жеделдетуге, порт инфрақұрылымын жаңғыртуға және жаңа логистикалық бағыттарды құруға келіскен болатын.

Сол кезде Бендер-Аббастағы Шахид Раджаи портынан Қазақстанға жер телімін беру туралы шешім қабылданған. Болашақта бұл нысан Қазақстан тауарларын Парсы шығанағы елдеріне, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азияға экспорттайтын негізгі логистикалық хабқа айналуға тиіс.

Сондай-ақ Иран Қазақстанға Чабахар портында жұмыс істеуге мүмкіндік беруге дайын екенін растаған еді.

Алайда қазір бұл өңір әскери шиеленіс аймағына айналып отыр.

Бұған қоса, Иранның өз ішінде де ахуал күрделі. Елде Иранның жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеимен қоштасу рәсімдері жалғасып жатыр. Оны жерлеу 9 шілдеде Мешһед қаласында өтеді деп жоспарланған.