8-11 қазан аралығында «Яндекстің» бес деректер орталығының үшеуі істен шықты. Соның салдарынан Қазақстандағы такси мен жеткізу қызметтерінің жұмысы тоқтап, деректерді ел ішінде сақтаудың өзі сервистердің үздіксіз жұмыс істеуіне кепіл бола алмайтыны байқалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Деректер орталықтарында не болды?
Ресейдің Рязань облысындағы Сасово қаласы мен Владимирдегі деректер орталықтары дрон шабуылдарынан кейін тегіс тоқтап қалды. Ал Калуга қаласында инфрақұрылымның бір бөлігі зақымданған. Yandex Cloud апаттық жұмыс режимін жариялады.
Teniz Capital сарапшыларының бейресми бағалауынша, компанияның үш немесе төрт нысаны толық не жартылай жұмыс істеп тұр. Жүйені толық қалпына келтіру мерзімі әзірше белгісіз.
Яндекс зардап шеккен клиенттердің сервистерін жедел орналастыру үшін бәсекелестері VK Cloud, Selectel және K2Cloud компанияларымен келісімге келген.
Қазақстан неге зардап шекті?
Бұған дейін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректері ел ішіндегі серверлерде сақталатынын және оларға зақым келмегенін растаған еді. Алайда такси мен жеткізу қызметтерінің жұмысын қамтамасыз ететін техникалық инфрақұрылымның бір бөлігі шетелде орналасқан.
Finmentor.kz қаржы сарапшысы Арман Батаев негізгі мәселеге назар аударды. Оның айтуынша, деректерді Қазақстан аумағында сақтау мен қосымшалардың жұмысын қамтамасыз ететін деректерді өңдеу үдерісі – екі бөлек нәрсе.
– Үкімет деректерді сақтауды ғана емес, оларды өңдеу үдерісін де Қазақстанға көшіру мәселесін көтеруі мүмкін. Бұл сервистердің сыртқы ақауларға төзімділігін арттырып, цифрлық қауіпсіздікті нығайтады, – деп есептейді Батаев.
Қанша қаражат шығынға ұшырауы мүмкін?
Яндекстің мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында Қазақстандағы Яндекс Go платформасының жүргізушілері мен таксопарктері 521,8 млрд теңге табыс тапқан. Бұл тәулігіне орта есеппен 1,72 млрд теңгеден келеді.
Teniz Capital сарапшыларының есептеуінше, платформа арқылы орындалатын әдеттегі сапарлардың жартысы тоқтаса, жүргізушілердің тәуліктік табысының 858 млн теңгесі тәуекелге ұшырайды. Бір аптада бұл көрсеткіш 6 млрд теңгеге жетеді.
Дегенмен жолаушылардың басқа қосымшаларға ауысуы шығынның бір бөлігін өтеуі мүмкін.
Яндекс жұмысындағы ақаулардан кім ұтты?
Сарапшылардың бағалауынша, қосымша сұраныстың негізгі бөлігі InDrive сервисіне ауысқан.
Компанияны Якутиядан шыққан кәсіпкер Арсен Томский құрған. Ол 2023 жылғы желтоқсанда Қазақстан азаматтығын алған. 2022 жылы Ресей нарығынан кеткеннен кейін InDrive қызметкерлерінің басым бөлігін Қазақстанға көшіріп, елімізде өзінің ең ірі хабын құрды.
Такси мен жеткізу қызметтерін ұсынатын жергілікті компаниялардың да дамуына мүмкіндік туды. Ал деректерді сақтау мен өңдеу қызметтерін ұсынатын қазақстандық компаниялар қосымша жүктемені қабылдай алады.