×
467.41
533.88
6.14
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
467.41
533.88
6.14

FT: Ресейдегі жанармай тапшылығы кемінде 50 миллион адамға әсер етті

Бүгін, 10:10
FT: Ресейдегі жанармай тапшылығы кемінде 50 миллион адамға әсер етті
Ulysmedia.kz коллажы ЖИ көмегімен

Украиналық дрондардың соққыларынан кейін Ресейдегі мұнай өңдеу көлемі 20-40%-ға қысқарып, жанармай тапшылығы елдің кемінде 50 миллион тұрғынына әсер еткен. Бұл туралы Financial Times басылымы хабарлады.

Басылымның мәліметінше, жанармай тапшылығы Ресей халқының шамамен 35%-ын қамтып отыр. Есептеу әр өңірдегі автокөлік иелерінің саны негізінде жүргізілген.

Алайда сарапшылар мәселенің ауқымы бұдан да кең болуы мүмкін екенін айтады. Себебі жанармай тапшылығы тек жүргізушілерге ғана емес, басқа салаларға да әсер ете бастаған. Мәселен, Забайкалье өлкесінің бірнеше ауданында қоқыс шығару қызметі тоқтап қалған. Ал Wildberries маркетплейсі сатушылар үшін комиссия мөлшерін көтерген.

МҰНАЙ ӨҢДЕУ КӨЛЕМІ КҮРТ ТӨМЕНДЕГЕН

Financial Times басылымына пікір білдірген мұнай-газ саласының сарапшысы Сергей Вакуленко әзірге жанармай тапшылығы толыққанды экономикалық дағдарысқа ұласқан жоқ деп есептейді. Оның айтуынша, мәселе логистика мен қызмет көрсету саласына жаппай әсер ететін деңгейге жетпеген.

Соған қарамастан, сарапшылар украиналық дрондардың шабуылынан қанша мұнай өңдеу қуаты істен шыққанын нақты бағалай алмай отыр. Әртүрлі есеп бойынша, мұнай өңдеу көлемі 20-40%-ға дейін қысқарған болуы мүмкін.

Киев экономика мектебінің энергетика және климаттық зерттеулер бөлімінің жетекшісі Борис Додоновтың мәліметінше, маусым айында Ресей тәулігіне шамамен 4,1 миллион баррель мұнай өңдеген. Бұл соңғы бес жылдағы орташа көрсеткіштен 28%-ға, ал зауыттардың жобалық қуатынан 35%-ға төмен.

РЕСЕЙ ДИЗЕЛЬ ЭКСПОРТЫН ТОҚТАТТЫ

Жанармай тапшылығы жағдайында Ресей үкіметі дизель отынын экспорттауға уақытша тыйым салды. Financial Times басылымының жазуынша, бұл шешім майдандағы әскери техниканы отынмен қамтамасыз етуге көмектесуі мүмкін, алайда елдегі қарапайым автокөлік жүргізушілерінің мәселесін толық шеше алмайды.

Басылым дерегіне сүйенсек, Ресейдегі мұнай өңдеу көлемі бірнеше ай қатарынан төмендеп келеді. Мамыр айында тәуліктік өңдеу көлемі 4,58 миллион баррельге дейін құлаған. Ол кезде бұл көрсеткіш 2009 жылдың қазан айынан бергі ең төменгі деңгей ретінде тіркелген.